Еліміздің жоғары оқу орындарында Google компаниясымен бірігіп жасалған Generative AI курстар жүргізіледі.
«Цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясы аясында бүгінде жоғары оқу орындарының студенттерін Generative AI технологияларына оқыту жөніндегі жобаны іске асыру басталғаны айтылды. Студенттер генеративті жасанды интеллект дағдыларын дамытуға бағытталған Google Cloud Skills Boost платформасында тегін курстардан өте алады», — деп хабарлады Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Тегін курсқа Қазақстанның 13 жоғары оқу орындары қатысады, олар:
- Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
- Қ.Сәтпаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық университеті
- Қарағанды индустриялық университеті
- SDU University
- Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті
- Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті
- Astana IT University
- Қазақстан-Британ техникалық университеті
- Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті
- Шәкәрім университеті
- Yessenov University
- Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті
- Toraighyrov University
«Google компаниясымен бірлескен жоба – цифрлық сауаттылықты арттыру және жасанды интеллект саласында озық білімі бар мамандарды даярлау жолындағы маңызды қадам. Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл жоба Google-мен одан әрі ынтымақтастық үшін негіз болып, Қазақстандағы білім деңгейін арттыруға ықпал етеді деп үміттенеді», — деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова.
Жоба барысында 6000-нан астам қазақстандық студент Google Cloud Skills boost платформасы арқылы жасанды интеллекттің озық инновацияларын игеруге мүмкіндігі бар. Генеративті курстар арнайы Google Cloud Career Launchpad бағдарламасымен өтеді.
Айта кетелігі, Google компаниясы Қазақстан университеттеріндегі Google Developer Students Clubs студенттерінің 14 клубына қолдау көрсетеді. Қоғамдастықта қосылу арқылы студенттер білім алмасып, жобалармен бірлесіп жұмыс істеуге және кәсіби байланыстарды дамытуға мүмкіндік алады. Бұл студенттерге жаңа технологияларды игеруімен қоса, IT қауымдастығының бір бөлігі болуға себеп болады.
Назым МАЛИККЫЗЫ