Қазақстан жастарының саяси белсенділігі мен билікке деген шынайы көзқарасы қандай?
Бүгінгі таңда елімізде соңғы сайлаулардан кейін мәслихаттар мен Парламент қатарынан жас азаматтар жиі көрініп жатыр. Ресми статистика да мұны растайды: жергілікті мәслихаттардағы жастардың үлесі екі есе өсіп, 14% жеткен. Мемлекеттік қызметтегі әрбір үшінші маман да – 35 жасқа дейінгі азамат. Бірақ осы цифрлардың артында қандай шындық жатыр? Билікте жастар бар, бірақ шешімді бәрібір үлкендер қабылдайды. Иә, мемлекеттік органдарда жастар аз емес. Тіпті, талантты әрі амбициясы бар мамандарды жоғарыға тарту үшін «Президенттік жастар кадрлық резерві» жұмыс істеп келеді. Осы бағдарламамен іріктелген 400 жуық адамның 80% бүгінде министрліктерде, әкімдіктерде және ұлттық компанияларда жауапты қызметте отыр. Егер жалпы мемлекеттік қызметті алсақ, соңғы 6 жылда 30 жасқа дейінгі қызметкерлердің үлесі 8% төмендеген. Облыстық мәслихат депутаттарының орташа жасы әлі де 48 жасты, ал аудандарда 45 жасты құрайды. Демек, саяси элитаның жасаруы туралы айту әлі ерте – тізгін әлі де тәжірибелі ересек буынның қолында.

1-сурет. Саяси жаңалықтар мен оқиғаларға қызуғышылық деңгейі
Еліміздегі жастардың саяси жаңалықтарға ықыласы өте орташа. Тіпті, біраз бөлігінің елде не болып жатқанымен шаруасы да жоқ. Саяси жаңалықтарды үнемі бақылап отыратындар үлесі небәрі 14,3% құраса, кейде көз салатындар – 34,6%, тек үлкен шу шыққанда ғана қарайтындар – 26,8%, ал саяси күн тәртібіне мүлдем қызықпайтындар – 23,8%. Егер «саясатты үнемі қалт жібермей бақылайтын кім?» деп сұрасақ, оның нақты бейнесі мынадай: ол – жоғары білімі бар, қалада тұратын, 24 пен 34 жас аралығындағы ер азамат. Ал аймақтық тұрғыдан алсақ, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Алматы облыстары мен Шымкент қаласының жастары өзгелерге қарағанда саяси тұрғыдан белсендірек болып шықты.
Қазіргі қоғамның ең үлкен мәселесінің бірі – сенімсіздік. Әрбір үшінші жас азамат (33,3%) өзі үшін үлгі болатын, пікіріне құлақ асатын ешқандай қоғамдық тұлға немесе авторитет жоқ екенін ашық айтқан. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Жастардың бағыт сілтейтін тұлға таппай, рухани және саяси жалғыздықта отырғанының белгісі. Ал қалғандары кімге арқа сүйейді? Олар: билік өкілдері (26,9%) мен дәрігерлер (21,9%). Одан кейін ғалымдар мен сарапшыларға (16%), саяси партия лидерлеріне (14,2%) және атақты қоғам қайраткерлеріне (10,1%) сенім білдірілген. Қызығы, блогерлер мен тиктокерлерге сенетіндер үлесі өте төмен, небәрі 9,1%. Әлеуметтік желі жұлдыздары күн сайын миллиондаған қаралым жинағанымен, олардың сөзіне шын мәнінде сенетін жастар өте аз. Тек 14–18 жас аралығындағы жасөспірімдер ғана TikTok белсенділеріне көбірек (12,9%) сенеді. Бұл ретте қала мен ауылдың айырмашылығы жер мен көктей. Қалада тұратын жастар әлдеқайда сыншыл, күмәншіл (36,3% ешкімге сенбейді). Олар көбіне ғалымдар мен дәрігерлерге сенеді. Ал ауылда билік пен құқық қорғау органдарына деген құрмет жоғарырақ.
Наразылық қайдан шығады? Жастардың 70% астамы заңсыз митингілер мен рұқсат етілмеген шерулерді қолдамайды. Оның себебі түсінікті: ешкім де босқа айыппұл төлеп, оқуынан немесе жұмысынан айырылғысы келмейді. Бірақ соған қарамастан, жастардың 20% астамы белгілі бір жағдайларда көшеге шығуға дайын екенін білдірген. Мұндай наразылық көңіл-күйдің артында ешқандай саяси идеология немесе ұлттық мәселе жатқан жоқ. Ең басты триггер – әлеуметтік-экономикалық тығырық. Жастарды алаңдатып, көшеге шығаруы мүмкін негізгі мәселелер – азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қымбаттауы, коммуналдық қызметтер мен отын бағасының өсуі, салықтардың көбеюі. Сәл төменірек деңгейде – биліктің әрекетсіздігі, жемқорлық және құқық қорғау органдарының озбырлығы тұр. Ал ұлтаралық мәселелер жастарды мүлдем мазаламайды, респонденттердің 78,7% еліміздегі ұлттар арасындағы келісімді «өте жақсы» деп бағалаған. Наразылыққа ең бірінші болып 24 пен 34 жас аралығындағы, айлық табысы 100-250 мың теңгеден аспайтын, отбасылы және екі немесе одан да көп баласы бар ауыл жастары дайын. Себебі қымбатшылық пен тапшылықтың соққысын бірінші болып дәл осы топ сезініп отыр. Егер жаһандық трендтерге көз салсақ бүкіл әлемде дәстүрлі саясатқа деген сенімсіздік белең алып жатыр. Дамыған елдерде жастар үкімет пен ресми БАҚ-қа сенім деңгейі 52% аспайды. Олар көбіне шешім қабылдау үшін әлеуметтік желілер мен цифрлық платформаларды пайдаланады. Қазақстанның бұл трендтен айырмашылығы – біздің жастар әлі де болса мемлекеттік институттарды баламалы цифрлық арналардан жоғары қояды. Жастардың 51% ресми органдарға арыз жазуды тиімді құрал деп есептейді.
