Қазіргі жаһандық трансформациялар мен білім мен инновацияларға негізделген экономикаға жедел көшу заманында адами капитал мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі мен стратегиялық тұрақтылығын айқындайтын басты факторға айналды. Бұл тұрғыда жастардың интеллектуалды, кәсіби және ғылыми әлеуетін жүйелі қалыптастыру — ұлттық қауіпсіздік пен прогрестің негізгі шарты. Заманауи сын-қатерлер жас ұрпақтан тек тар бейінді кәсіби дағдыларды ғана емес, сонымен бірге сыни ойлауды, цифрлық сауаттылықты, бейімделгіштік пен жоғары әлеуметтік жауапкершілікті талап етеді. Осыған орай, білім беру мен ғылым саласы синергиялық бірлікте қарастырылып, кадр даярлаудың тар шеңберінен тұлғалық және зерттеушілік әлеуетті кешенді дамыту платформасына ауысты. Қазақстан Республикасында 2026 жылдың «Білім және ғылыми-зерттеу жылы» деп жариялануы осы стратегиялық бағыттың мемлекеттік саясаттағы басымдығын заңды түрде бекітеді.
Орта білім алу — әрбір азаматтың іргелі құқығы әрі жеке тұлғаның дамуын айқындайтын басты тетік. Бұл кепілдік Қазақстан Республикасының Конституциясында нақты бекітілген. Десе де, қоғамның барлық өкілдері үшін сапалы оқу үдерісіне теңдей жағдай жасау әлі де күн тәртібінен түспей келеді. Жаһандық және ұлттық деңгейде байқалатын білім берудегі теңсіздіктер әлеуметтік жағдайға, географиялық аймақтарға және экономикалық сипаттамаларға тікелей байланысты өрбиді.Бүгінгі таңда мектеп қабырғасында тек негізгі ғылыми мағлұматтарды беру жеткіліксіз. Заманауи мектеп оқушылардың бойында сыни ойлау жүйесін қалыптастыратын, күрделі мәселелерді шығармашылықпен шешуге баулитын және рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіретін ортаға айналуы тиіс. Осы орайда, халықтың ұсынылатын білім сапасына көңіл толу деңгейі реформалардың қаншалықты жемісті екенін көрсетеді. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының әлеуметтік сауалнамалары мектеп біліміне қатысты жағымды үрдістерді анықтады.
Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, респонденттердің басым бөлігі өздері алған білім деңгейін жоғары бағалайды. Дегенмен, бұл көрсеткіш жас ерекшеліктеріне қарай өзгеріп отырады: 14–18 жас аралығы: Бұл топта қанағаттану деңгейі ең жоғары көрсеткішке жетіп, 86,14%-құрады. Бұл алдыңғы жылғы мәліметпен (80%) салыстырғанда 6,1 артық. 19–28 жас аралығы: 19–23 жастағылардың 86,5%, ал 24–28 жастағылардың 85,1% оқу ордаларының деңгейіне дән риза. 29–34 жас аралығы: Жасы үлкенірек азаматтардың арасында бұл көрсеткіш 78,7% дейін төмендейді. Сонымен қатар, аталған топтың 18,7% алған біліміне көңілі толмайтынын ашық білдірген. Бұл жағдай кәсіби тәжірибе жинақталып, еңбек нарығына араласқан сәтте білімге қойылатын талаптың күшейетінін аңғартады.Айта кетерлігі, білім сапасындағы олқылықтар жастардың шет елдерге қоныс аударуына түрткі болатын негізгі себеп емес. Сауалнамаға қатысқандардың тек 9–11% ғана бұл мәселені көші-қонға әсер ететін фактор ретінде атап өткен.
Аймақтық алшақтық және цифрлық инфрақұрылымның қазіргі ахуалы
Отандық орта білім беру жүйесінің құрылымдық дамуындағы ең күрделі әрі жүйелі сипатқа ие түйткілдердің бірі — қала мен ауыл мектептері арасындағы теңсіздік мәселесі болып табылады. 2025 жылы өткен «Педагогтардың тамыз конференциясы» аясында Мемлекет басшысы бұл алшақтықты жоюды ұлттық маңызы бар басты басымдық ретінде айқындады. Білім сапасындағы бұл сәйкессіздіктер білім алушылардың үлгерімі мен халықаралық салыстырмалы бағалау көрсеткіштерінен нақты көрініс табуда. Халықаралық PISA (Programme for International Student Assessment) бағдарламасының зерттеулеріне сүйенсек, экономикалық тұрғыдан дамыған мемлекеттерде халқы 100 мыңнан асатын ірі шаһарларда білім алатын 15 жастағы оқушылар шағын елді мекендердегі замандастарымен салыстырғанда оқу деңгейі жағынан шамамен жарты жылдық бағдарламаға тең ілгерілеушілік (артықшылық) көрсетеді. Қазақстандық контексте PISA талдаулары қалалық және ауылдық білім беру мекемелері арасындағы оқу жетістіктерінің тұрақты түрде сақталып отырғанын айғақтайды. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ресми мәліметтеріне сәйкес, PISA-2022 қорытындылары 2018 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда біршама оң динамиканы иеленген. Мәселен, математикалық және жаратылыстану бағытындағы сауаттылық бойынша өңірлік айырмашылық орта есеппен 4–5 балға дейін қысқарған. Соған қарамастан, оқу сауаттылығы секторында айтарлықтай оң өзгерістер тіркелмеді. Статистикалық деректер шалғай және ауылдық елді мекендердегі оқушылардың заманауи білім беру ресурстарына, білікті педагогикалық кадрларға және ең бастысы — жоғары жылдамдықты интернет желісіне қолжетімділігінің әлі де шектеулі екенін айқындап берді.
Мектептерді цифрландыру және интернет сапасы
Бүгінгі таңда еліміздегі 7 920 мектептің 5 247 ауылдық аймақтарда орналасқан. Ауыл мектептерін интернетке қосу жөніндегі мемлекеттік бастаманың нәтижесінде маңызды көрсеткіштерге қол жеткізілді. Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, ауылдық жердегі мектептердің 99%-дан астамы (5 222 нысан) жаһандық желіге қосылып, қалалық мектептердегі байланыс жылдамдығы 150 Мбит/с деңгейіне дейін артты.Ресми статистика мен тұтынушылардың нақты қанағаттану деңгейі арасында айтарлықтай сәйкессіздік бар. Әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсеткендей, 14–18 жас аралығындағы білім алушылардың тек 55,2% мектептегі интернеттің сапасына толық көңілі толатынын мәлімдеген. Респонденттердің 24,7% байланысты «орташа» деп бағаласа, 18,7% теріс позицияны ұстанған. Мұндай үрдіс барлық жас топтарында қайталанады.
1-кесте.Өңірлер бойынша интернетке қолжетімділікті бағалау, %

Цифрлық байланыс сапасы төмен аймақтардың көш басында Солтүстік Қазақстан облысы тұр: мұнда респонденттердің 44,7% интернетке қолжетімділікті «нашар» деп таныса, әрбір төртінші азамат «орташа» деп бағалаған. Шығыс Қазақстан облысында да жағдай күрделі — аталған аймақтағы әрбір үшінші респондент цифрлық қызмет сапасына наразы. Керісінше, Атырау, Алматы және Қызылорда облыстарында жағдай тұрақты болып отыр (сауалнамаға қатысқандардың 60–75% кедергілер жоқ). Жалпы алғанда, өңірлердегі қанағаттанбаушылықтың негізгі себептері ретінде байланыс жылдамдығының төмендігі, желідегі жиі үзілістер және заманауи цифрлық құрылғыларға қолжетімділіктің шектеулі сипаты аталады. Осылайша, техникалық есептердегі 99% көрсеткішке қарамастан, интернет желісінің нақты өткізу қабілеті мен сапасын арттыру — білім беру жүйесін заманауи цифрландыру кезеңіндегі кезек күттірмейтін негізгі міндеттердің бірі болып қала бермек.
Материалдық-техникалық база және санитарлық ахуалды жаңғырту
Білім беру процесінің тиімділігі мен оқу сапасы мектептердің заманауи материалдық-техникалық жабдықталу деңгейіне тікелей байланысты. Әлеуметтік зерттеу қорытындысы көрсеткендей, респонденттердің басым бөлігі мектеп кабинеттерінің дайындығын жоғары («4» және «5») деп бағалаған. Атап айтқанда, 14–18 жас аралығындағы білім алушылардың 66,1%-ы білім ордаларының материалдық базасына оң баға берген. Ал теріс пікір білдіргендердің үлесі 10%-дан аспайды (бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,6%-ға төмен). Мұндай оң динамика мемлекет пен білім беру мекемелерінің оқушылар дамуына қажетті қолайлы орта қалыптастыруға баса назар аударып отырғанын айғақтайды.Жаңартылған пәндік кабинеттер, заманауи зертханалар, спорттық және мәдени нысандар оқушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймайды. Олар мектеп тәжірибесіне озық педагогикалық әдістерді, атап айтқанда, цифрлық технологияларды кеңінен қолдануды және жобалық-зерттеу жұмыстарын жүйелі енгізуді қамтамасыз ететін негізгі тетік.
Білім алушылардың физикалық денсаулығына, психологиялық жайлылығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін инфрақұрылымның маңызды элементі — санитарлық-гигиеналық жағдайлар. Қазіргі уақытта Қазақстанда бұл бағытта мынадай кешенді жұмыстар атқарылуда:
-Мектеп ауласындағы сыртқы ашық дәретханаларды толықтай құрылыс және санитарлық стандарттарға сай келетін ішкі бөлмелерге ауыстыру;
-Санитарлық тораптарды заманауи оқшауланған кабиналармен және үздіксіз сумен жабдықтау жүйелерімен қамтамасыз ету;
-Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі (ДСМ) мен Оқу-ағарту министрлігінің талаптарына сәйкес тұрақты санитарлық бақылау жүргізу және гигиеналық нормаларды қатаң сақтау.
Жүйелі шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда елеулі ілгерілеушілік байқалды: елдегі сыртқы ашық дәретханалардың саны 2021 жылғы 2 700-ден 2025 жылы 10-ға дейін азайды. Ішкі санитарлық жүйеге көшу көрсеткіші 99%-ды құрап, бұл мәселенің ұлттық деңгейде шешімін тапқанын көрсетті.Соған қарамастан, шалғайдағы ауылдық мектептерде инженерлік коммуникациялардың, яғни орталықтандырылған су және кәріз желісінің болмауына байланысты бірен-саран күрделі жағдайлар әлі де кездеседі. Ондай елді мекендердегі мәселені шешу үшін бағытталған қосымша қаржыландыру бөлу және септиктер мен автономды жүйелер іспетті баламалы инженерлік шешімдерді енгізу қажеттілігі туындап отыр.
Әлеуметтік сауалнама мәліметтері санитарлық инфрақұрылымның дамуында өңірлік теңсіздіктің барын аңғартады.Бұл тұрғыда ең күрделі жағдай Түркістан облысында сақталып отыр. Өңірдегі респонденттердің 27,6% мектептердегі санитарлық ахуалды «өте нашар» деп есептесе, тағы 18,4% бұл көрсеткішке «нашар» деген баға берген. Мұндай сыни көзқарас нақты жағдайды бейнелейді, өйткені республика бойынша әлі де жойылмаған 10 ашық дәретхананың 8-і дәл осы Түркістан облысында орналасқан. Керісінше, еліміздің бірқатар облыстарында мектептердің санитарлық-гигиеналық жағдайы жоғары деңгейде екені байқалады. Мәселен, Алматы облысында сауалнамаға қатысқандардың 45,3% жағдайды «жақсы», ал 11,5% «өте жақсы» деп таныған. Ұқсас оң үрдіс Қостанай облысында да тіркеліп, респонденттердің 44,2% «жақсы», 24,7% «өте жақсы» деген баға берді. Санитарлық қолайлылық деңгейі Қызылорда облысында да айқын көрініс тапқан, мұнда тұрғындардың 42,4% «жақсы» және 10,6% «өте жақсы» деген ұстанымда. Павлодар облысы бойынша бұл көрсеткіштер сәйкесінше 39,7% және 10,3% құраса, Ақмола облысында респонденттердің 31,1% мектеп жағдайын «жақсы», ал 25,7% «өте жақсы» деп бағалап, жоғары деңгейді көрсеткен.
Оқу үдерісінің ішкі мазмұны
2-кесте. Респонденттердің мектеп көрсеткіштерін бағалауы

Әлеуметтік зерттеу барысында респонденттер мектептегі білім беру процесінің іргелі элементтеріне де өз бағасын берді. Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, қатысушылардың тең жартысы (50%) жалпы мектеп жүйесінің қазіргі ахуалын оң бағалап, оған жоғары деңгейде сенім білдіретінін аңғартқан. Десе де, білім беру сапасын арттыру жолында әлі де жетілдіруді қажет ететін бірқатар тұстар бар.Мәселен, респонденттердің шамамен 15% мектеп оқулықтарының сапасына көңілі толмайтынын білдірген, бұл өз кезегінде оқу құралдарының мазмұнын заман талабына сай жаңарту қажеттігін айқындайды. Сондай-ақ сауалнамаға қатысқандардың 14% критериалды бағалау жүйесіне (БЖБ және ТЖБ) қанағаттанбайтынын көрсеткен. Мұндай көрсеткіш оқушылар арасында бағалаудың ашықтығы мен әділдігіне қатысты сұрақтардың бар екенін байқатады. Қарама-қайшы пікірлерге қарамастан, отандық мектептердегі мұғалімдердің кәсіби деңгейіне қатысты көрсеткіш өте жоғары. Сауалнама қатысушыларының шамамен 65% педагогтердің біліктілігіне дән риза екенін мәлімдеген. Бұл мұғалімдердің өз пәнін терең меңгергенін және материалды оқушыға ұғынықты жеткізе алатынын растайтын маңызды көрсеткіш. Ұстаздардың кәсібилігі — оқушылар мен ата-аналардың білім жүйесіне деген сенімін нығайтатын негізгі ресурс. Сондықтан адами капиталды дамытуға бағытталған инвестицияларды сақтап, барлық өңірде біртұтас сапа стандарттарының орындалуын қамтамасыз ету — басты міндет болып қала бермек.
