«Үйлену оңай, үй болу қиын» деген аталы сөз бүгінгі Қазақстан қоғамында, әсіресе жастардың арасында мүлдем жаңа сипат алып жатыр. Ресми мәліметтерге сүйенсек пандемия кезінде, яғни 2021 жылы үйде оқшаулану мен отбасына көбірек уақыт бөлудің арқасында елімізде бала «бумы» тіркеліп, 445 мыңнан астам сәби дүниеге келген еді. Соңғы жылдары бұл қуанышты үрдіс пандемиямен бірге тоқтап, соңғы жылдары туған бала саны 365 мыңға дейін күрт азайып кетті. Демографтар мұны тікелей неке дағдарысымен түсіндіреді: соңғы бірнеше жылда шаңырақ көтеретін жастардың саны жыл сайын азайып барады. Мәселен, 2021 жылы 111 мыңнан жас жігіт пен 119 мыңға жуық бойжеткен неке қидырса, қазір бұл көрсеткіш ерлер арасында 95 мыңға жуық, әйелдер арасында 100 мың шамасына дейін төмендеді. Мұның астарында бүгінгі қоғамға енген заманауи трендтер мен жаһандық үрдістердің ықпалы орасан зор. Қазіргі жастар арасында ерте отбасы болудан бұрын, алдымен мансап қуып, аяқтан тік тұру, өзін дамыту және жеке бас бостандығын бірінші орынға қою сәнге айналды. Соның салдарынан неке жасы кейінге шегеріліп, үйленгенге дейін міндеттемесіз бірге тұрып көру, яғни азаматтық неке үрдісі белең алып жатыр. Қыздарымыздың 83 % астамы АХАЖ бөліміндегі ресми некені міндетті деп санағанымен, жас жігіттердің тек 74 % ғана бұны қолдайды; ер азаматтар көбіне заңды жауапкершіліктен қашып, тек діни некемен шектелгісі келеді. Мұндай «батыстық» трендтерге әсіресе Алматы сияқты ірі мегаполистер мен Шығыс Қазақстан жастары тез бейімделген, ал еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде дәстүрлі отбасы құндылықтары әлі де мықты сақталған, сондықтан да Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бала туу бойынша көш бастап тұр. Дегенмен, жаңа трендтермен құрылған жас шаңырақтардың да іргесі берік болмай шықты. Бүгінде еліміздегі ажырасулардың тең жартысы дәл осы жас отбасыларға тиесілі. Жастар тұрмыстық қиындықтарға шыдамай, өз еркіндігі жайлылығын бірінші орынға қоятындықтан, 25 пен 34 жас аралығында ажырасу көрсеткіші ең жоғары шекке жетеді.
Ажырасудың басты себептері:
Опасыздық (57%): Әлеуметтік желілер мен танысу қосымшаларының дамуы көзге шөп салу үрдісін ушықтырды.
Зорлық-зомбылық (29,4%): Жаңа буын әйелдері бұрынғыдай төзу керек деген қағидамен өмір сүргісі келмейді, өз құқығын қорғап, некені бірден бұзады.
Лудомания мен зиянды әдеттер (15,6%): Онлайн-казино мен букмекерлік кеңселер жас отбасыларды қаржылық тығырыққа тіреп, ажырасуға мәжбүрлейді.
Бір жұбайының алкогольге немесе есірткіге тәуелділігі (35,3%)
Бүгінде еліміздегі неке мен отбасы институты дәстүрлі құндылықтар мен заманауи үрдістердің қатар өмір сүруімен ерекшеленеді. Соған қарамастан, жас буын үшін отбасылық өмір әлі де негізгі әлеуметтік құндылық ретінде маңызын жойған жоқ, сондықтан ажырасқан жағдайда да олар жаңадан шаңырақ көтеруге тырысады.
