NASA спутниктерінен алынған жаңа деректерге сәйкес, соңғы жылдары жаһандық орташа температураның артуына қарамастан, Антарктидада мұз мөлшері көбейген. Бұл құбылыс алғашында жаһандық жылыну процесінің бәсеңдеуін білдіретін сияқты көрінгенімен, зерттеушілер бұл тек қысқа мерзімді климаттық аномалия екенін атап өтеді.
Қысқа мерзімді өсім: уақытша құбылыс па?
Шанхайдағы Тунцзи университетінің ғалымдары NASA-ның GRACE және GRACE Follow-On спутниктік миссиялары арқылы 2002 жылдан бері Антарктида мұз жамылғысының динамикасын бақылайды. Негізгі үрдіс – Антарктида мұзының едәуір азаюы. 2002–2020 жылдар аралығында жыл сайынғы орташа мұз жоғалту көлемі 81 миллиард тоннадан (2002–2010 жж.) 157 миллиард тоннаға (2011–2020 жж.) дейін артқан.
Алайда 2021–2023 жылдары аралығында бұл үрдіс өзгеріп, Антарктида жыл сайын орта есеппен 119 миллиард тонна мұз жинады. Бұл мұз жамылғысының уақытша артуы, негізінен, жауын-шашын мөлшерінің күрт көбеюімен байланысты. Жоғары температура салдарынан атмосферадағы ылғалдылық артып, бұл өз кезегінде күшті қар жаууына себеп болған.
Ғалымдар не дейді?
Ұлыбританиядағы Нортумбрия университетінің климаттанушысы Том Слейтердің пікірінше, бұл құбылыс климаттың жылынуы аясында қалыпты жағдай.
«Жылы климатта атмосфера көбірек ылғал ұстай алады. Бұл — қатты жауын-шашын мен қар түріндегі экстремалды ауа-райы құбылыстарының ықтималдығын арттырады», – дейді Слейтер.
2023 жылғы зерттеу де 2021–2022 жылдары байқалған жауын-шашынның күрт көбеюінің Антарктидадағы мұз жамылғысының артуына себеп болғанын растады. Жаңа зерттеулер осы аномалияның 2023 жылға дейін жалғасқанын көрсетеді.
Антарктидадағы мұз: тұрақтылық па, әлде алдамшы үзіліс пе? Антарктидада мұздың негізгі бөлігі мұхитпен түйісетін шеттердегі мұздықтар арқылы еріп жоғалады. Бұл мұздықтар әлі де жылынған мұхитқа қарай жылжып, мұз жоғалтуды жалғастыруда. Уақытша қар қалыңдығы бұл үрдісті тек қысқамерзімді түрде бәсеңдеткен. Сонымен қатар 2023 жылы Антарктидадағы теңіз мұзы тарихи минимумға жетіп, зерттеушілер бұл құбылысты климат өзгерісінсіз мүмкін емес деп санайды. Жалпы алғанда, әлемдегі теңіз мұзы көлемі де тұрақты түрде азаюда.
Ғаламдық жылыну жалғасуда
Антарктидадағы уақытша мұз көбеюі жаһандық жылыну процесін жоққа шығармайды. Әртүрлі аймақтарда климаттық өзгерістер әртүрлі қарқынмен жүреді. Арктика төрт есе жылдам жылып жатса, Антарктида салыстырмалы түрде тұрақты болғанымен, соңғы зерттеулер ол аймақтың да әсерге ұшырай бастағанын көрсетіп отыр. 2025 жылғы сәуір айы — соңғы 22 айдың 21-інде температураның Париж келісімімен белгіленген 1,5 °C шегінен асып кеткенін тағы да растады. Бұл — адамзаттың климаттық мақсаттары шұғыл әрекет етуді қажет ететінін көрсетеді.