Басты ақпаратБілімЖаңалықтар

PROF.Mangystau әлеуметтік жобасы аясында кәсіби бағдар берушілерге арналған оқыту семинары өтті

30-31 қазан күндері Ақтау қаласында «PROF.Mangystau» әлеуметтік жобасы аясында кәсіби бағдар берушілерге арналған «4D-профориентация» оқыту курсы өтті. Іс-шараның мақсаты – өңірдегі педагог-профориентологтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, заманауи еңбек нарығындағы тренд мамандықтар мен тиімді бағыттау әдістемелерін меңгерту. Оқыту бағдарламасына Маңғыстау облысының жалпы білім беретін мектептерінен келген педагог-профориентологтар мен психологтар қатысты.

Семинардың тренерлері – тәжірибелі педагог-профориентологтар, мотиватор және коуч Омарбек Көшкімбайұлы және Халықаралық профориентологтар бірлестігінің мүшесі, PhD ізденушісі, педагогика ғылымдары магистрі, Білім беру сапасын бақылау агенттігінің сарапшысы Динара Оспанова.

Күні бойы өткен сессияларда қатысушылар келесі тақырыптар бойынша білім алды:

Заманауи профориентологтың тренд мамандықтарды меңгеруі мен грантқа бағыттау жолдары;
ҰБТ жаңалықтары мен шекті балдар, грантқа түсудің 14 жолы;
Заманауи профориентологтың ораторлық шеберлігі және қоғам алдында сөз сөйлеу дағдылары;
4Қ әдістемесі арқылы оқушыны тану, қабілеттерін анықтау және дамыту тәсілдері.

Семинар барысында қатысушылар теориялық біліммен қатар практикалық жаттығулар орындап, өз кәсіби тәжірибелерін бөлісті. Әсіресе, сахна алдындағы қорқынышты жеңу, сенімді сөйлеу, тыңдарманмен эмоционалды байланыс орнату және дикцияны дамытуға арналған жаттығулар ерекше қызығушылық тудырды.

Оқыту қорытындысында тыңдаушылар кәсіби бағдар берудің жаңа тәсілдерімен танысып, өз тәжірибесіне енгізуге болатын нақты құралдар мен әдістемелер алды.

«PROF.Mangystau» жобасы аясындағы «4D-профориентация» бағдарламасы blended learning форматында өткізіліп, өңірдегі педагогтардың кәсіби дамуына жаңа серпін беруді көздейді.

Әлеуметтік жоба Маңғыстау облысы Жастар саясаты басқармасы мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен, сондай-ақ «Рух жаңғырығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру