Түркістанда «Ясауи білім тарату орталығы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясының жанынан ашылды.
Орталық облыстың 5 жылдығына арналған «Экологиялық жағдайды жасыл желектерді дамыту жолымен жақсарту және ауыл шаруашылығы дамуындағы мәселелер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында тұсауын кесті. Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, еліміздің және Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан мен Пәкістан елдерінің белгілі ғалымдары қатысты.
Дөңгелек үстелде осы саладағы бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының президенті, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов өз сөзінде академияның бүгінгі мақсаты ғылыми бағыттағы әлеуетті біріктіріп, оны қолдау және координациялау арқылы озық отандық инновацияларды өндіріске енгізіп, АӨК тиімділігін арттыру, кәсіпкерлердің біліктілігі мен технологиялық мүмкіндіктерін дамыту жолдарын жеткізді.
Білім тарату орталығының басты мақсаты – жетекші әлем елдерінің тәжірибесін ескере отырып, отандық озық білім мен технологиялардың өндіріске жедел жетуіне ықпал жасау мақсатында қажетті ғылыми жаңалықтарды көпшілікке жеткізіп, ауылшаруашылығы саласындығы ақпараттарды дер кезінде насихаттап отыру.
Айта кетейік, 2021 жылы ғалымдардың бас қосуымен өткен халықаралық конференцияда Түркістан облысының аймағында құрылып жатқан «Жасыл белдеуге» «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (КеАҚ) мен «Ә.Н.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты» (әрі қарай-ҚазОШАОМҒЗИ) ЖШС-нің Алматы филиалы мамандарымен табиғи климаттық жағдайына талдау жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде Түркістан облысы аумағындағы орман дақылдарының нормалық жерсіну және сақталу көрсеткіші 75 пайыздан 50 пайызға төмендетілген.