Батыстың батыл қызы бүгінде басқа мемлекетті бағындырып жүр, деп жазды egemen.kz. Білімі мен білігі толысқан қазақтың қара көзі АҚШ-тың Арлингтон қаласы, Вирджиния штатында орналасқан AES корпорациясының энергетикаға арналған жаһандық дрондық инновациялық бағдарламасының директоры. Қызмет бабында ешкімге дес бермей келе жатқан кім дерсіз? Ол — Әсел Аяпова.
Балалық шақтан қиялы ұшқыр қыздың сол бір сана түкпіріндегі арманы қазіргі таңда шындыққа айналған. Айтуынша, ол үй жинауға көмектесетін роботтар болса деп армандаған екен. «Ауылы аралас, қойы қоралас» жүретін дархан елдің үйінің босағасынан кізі үзілген бе? Әрине, жоқ. Шаңырақтың есігі ешкімге ешқашан жабылмаған қазақы отбасында дүниеге келген Әсел Аяпованыңда көріп өсені осы бір қонақжайлық. Бұл көріністер бала жүрегін мейірімге бөлеп қоймай, оның іске мығым болуынан да сеп болған. Анасына қолғабыс болған қаршадай қыздың бар арманы үй шаруасына көмекші темір құралға қол жеткзу еді. Бұл қиялы оны алға жетелеп, инновацияларды, жобалық қаржыландыруды басқару, энергетикадағы құрылыс, халықаралық және квазимемлекеттік ұйымдардағы инфрақұрылымды дамыту бойынша мол тәжірибесі бар жаһандық деңгейдегі білікті маман деңгейіне жеткізді.
Орал өңірінің тумасы өз білімін шыңдап, жасыл энергетика, тұрақты даму және климаттың өзгеруі, жасыл технологиялар инновациясын қаржыландыру саласында көшбасшы ретінде үлкен қызмет атқарды. Білімге деген ынтызарлық пен бойындағы күш-жігері оны директорлықтан бөлек, Энергетикадағы дрондар мен роботтар халықаралық коалициясының, Америкадағы «Women and Drones» қауымдастығы кеңесінің мүшесі лауазымына дейін көтерді.
Қызметтің шыңына шығу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. «Бақ» деп жылы жеткізгенімізбен оның артында ұйқысыз түндер, табан ақы, маңдай тер жатыр.
Әсел Әлібекқызы, экономика мамандығы бойынша Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген ол, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Самұрық-Қазына» АҚ инвестициялық жобаларының бас менеджері, «Астана-Недвижимость» АҚ жобаларды қаржыландыру департаментінің директоры болып, лауазымды әрі жауапты жұмыс атқарды. «Аналитик, экономист болып жүріп, энергетика саласына қадам басуым менің өмірімде жасаған сәтті таңдауым», деп өткенді еске алды.
«Алғаш рет AES корпорациясының қаржы бөліміне түйіндеме жіберген едім. Үш турдан өткен соң, компания өкілдері жоба басқаруға жауаптылардың резервіне тіркеп қойғанын айтты. Екі айдан кейін Шығыс Қазақстан облысында басталатын жаңа жобаның жетекшісі қызметіне тағайындалғанымды хабарлады. Сөйтіп, Өскеменге отбасыммен қоныс аударып, онда электр стансасының құрылысын кеңейту командасының басқарушысы болдым. Бүгінде энергетика саласында еңбектеніп жүргеніме 10 жылдан асты», -деді кейіпкер.
Әселдің айтуынша, елде жүргенде AES корпорациясының екі ірі жобасын іске асырған екен. Нәтижесі АҚШ-тағы басшылықтың көңілінен шығып, артынша мұхит асып жұмыс бабымен шетелге көшкен.
«Америкадағы басшылық бірінші жобаны халықаралық стандартпен салыстыра отырып, жоғары бағалайтынын айтты. Бұл жобаны іске асыруда біраз ақша үнемдеп, анағұрлым қауіпсіз нысан етуге тырыстым. Ал басшылық ұсынған екінші жобаның жүгі мен жауапкершілігі біріншіге қарағанда ауыр болды. Мемлекеттен рұқсат алу, халықаралық банктермен байланыс орнату оңай болмады. Дегенмен мұның барлығын тиянақты орындап шыққан соң, Америкадағылар мені дарындылар пулына енгізіп, халықаралық жобаларға жұмылдыратын мамандар қатарына қосты. Мен айтқан екінші жоба біткелі жатқанда Еуропадағы түрлі ұйымнан ұсыныстар түсе бастады. Одан бөлек, еліміздегі нарықта бір-бірімізді жақсы танитындықтан, отандық холдинг басшылары да лауазымды қызметке шақырды. Мұны естіген Америкадағы басшылық белсенділік танытып, Арлингтондағы бас кеңсеге жұмысқа шақырып, дрондар мен роботтардың жұмысын бақылайтын, құрамында қызық та қиын жобасы бар бағдарламаның жетекшісі болу туралы ұсыныс айтты. Бұрын-соңды мұндай іспен айналысып көрмеген соң, қызығушылығым артып, ақырында 2017 жылы отбасыммен Америкаға көшіп келдім. Бірақ мұнда келгенде барлығын нөлден бастау қажет болды. Басшылық тың идеясы бар стратегияны іске асыру үшін команда жасақтауды міндеттеді. Сол уақытта 15-тен астам елге қызмет көрсететін бағдарламаның жұмысын бақылаумен болдым. Ақырында бізге жүктелген міндетті ойлағаннан да асыра орындап, бүгінде дрондар мен роботтар жөніндегі бағдарламалар арасында көшбасшы ұйымға айналдық. Осы ретте дрондар мен роботтардың тиімділігі жоғары екенін айтқым келеді, – дейді Әсел Аяпова.
Өзіне сенген талапты Әсел әлемнің 14 елінде 600-ден астам қызметкер тартылған жаһандық инновациялық бағдарламаны басқарып, өзін шыңдауға, жаңа идеялар ашуға талпыныс жасайды. Оның басты міндеті – 100-ден астам түрлі кәсіпке роботтехниканы енгізу. Аталған жобаның тиімділігі мен техника қауіпсіздігін арттыру үшін энергетика саласында дрон мен роботтехниканы қолданып, бірегей инновациялық шешімдер жасауға мұрындық болды. Ол жетекшілік еткен бағдарлама АҚШ энергетикасы мен ғаламдық ұшқышсыз авиация саласында жоғары бағаға ие болды. Соның нәтижесінде оның командасы «AUVSI Award 2018» халықаралық сайысында екінші орынды, тағы бір сайыста үшінші орынды иеленді. Ал халықаралық «S&P Platts Global Energy Award 2018» байқауының «Жылдың коммерциялық технологиялары» бағытында Әсел бастаған ұжымның жобасы топ жарды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін Әсел Аяпова нәтижеге қол жеткізу жолында ешқашан аянып қалған емес. Бүгінгі күнде еңбегін жемісін көріп отыр. Бітімі нәзік болғанымен болмысы құрыштай берік жан 2017 жылдан бастап 16 елді қамтитын энергетика саласында дрондарды қолдануды дамыту жөніндегі жаһандық инновациялық бағдарламаның (AES Innovative Global Drone Program) директоры міндетін атқарып келеді. Алты жыл бойы табан аудармай бір қызметте жетекшілік ету жігерлі адамға ғана тән құбылыс.
Аяпова, аянбады. Ол өзін таңдаулы көшбасшы екенін дәлелдей алды. Қолға алған жобалары да тек биікке жетеледі. Құзар шыңның басыан шыққан қызғалдағымыз құлаймын деп қорықпады. Осы бір қайсарлығының арқасында AES корпорациясындағы APEX жаһандық байқауларының жүлдегері, Дүниежүзілік тұрақты даму қауымдастығындағы бойынша (Аустралия) және БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы жанындағы әйел кәсіпкерлерге арналған форумдағы үздік жоба иегері (Израиль) атанды.
Атағы айға жетседе бойындағы қарапайымдылығымен жүректерді жаулаған, ару. Ғылым саласында біраз белесті бағындырған Әселдің еліне деген сүйіспеншілігі шексіз. Тіпті, ол АҚШ тұрғыны болсада жұбайымен бірге перзенттеріне қазақы тәрбие беріп, ана тілін жетік меңгерткен.
Қызметте білікті маман, отбасында жанашыр ана, қоғамда үлгілі әйел бола білген оның жүріп өткен жолы өз арман жолында күресіп жүрген әр адамға таптырмас сабақ. Айтпақшы, оның көз майын тауысып жазған «Өз мансабың – маңызды жоба» атты кітабы жақында қазақ тілінде жарық көргенін естіп, осы бір қазақ қызына деген сүйінішімізді жасыра алмадық. Бұл жетістігі туралы былай деді: «Қызмет жолымда түрлі жағдаймен бетпе-бет келдім. Бұл осы жолдың әр кезеңінде жаңа машық, жаңа ізденіс пен жаңа білімді қажет ететіні сөзсіз. Мен табысты мансап құруға көмектесетін ақпараттың барлығы бір кітапта болса екен деп ойлайтынмын. Алайда мұндай кітап қолыма түспеді. Сосын оны өзім жазуға бекіндім. Бұл кітапты жазудағы басты мақсатым – мансапты жоспарлау, көпшілік алдында емін-еркін сөйлеу, команданы дұрыс басқару және коммуникация сияқты біліктілікке қатысты барлық деректі бір жинаққа топтастыру. Сондай-ақ жылдар бойы жинаған тәжірибем бойынша мансапты жоспарлау мен басқара білудегі маңызды мәселелерді жүйелегім келді».
Әселдің алғашқы тынақ алды туындысы кез келген дастағы оқырман үшін пайдалы. Кітап-ақыл кеніші, десек. Аяпова жазған бұл жинақта мансап жолындағы сатылай өсу жолдары «соқырға таяқ ұстатқандай» айқын жазылған. Қазіргі таңда «Жобаларды басқару» тақырыбында екінші кітабын жазу үстінде.
Өзінің жемісті еңбегінің нәтижесінде Әсел Аяпова әлемнің 100 үздік жоба менеджерінің рейтингіне енді. Сонымен қатар 2019 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Ол ірі жобаларда лауазымды қызметтер атқарып қана қоймай, жас ғалымдарға, ғылым жолына түскендерге білімі мен тәжірибесін бөлісіп, тәлімгерлікке баса назар аударатынын айтады. Айта кетсек, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті экономика факультетінің арнайы тәлімгері және энергетика, проджект- менеджмент, жоғары технологиялар салаларында талантты Қазақстан жастарына, «Самұрық Қазына» корпоративтік университетінің жас мамандарына тәлімгерлік қызметін қосымша атқарып жүр.
2019 жылы Әсел дарынды қазақ жастарына өзінің жеке тәлімгерлік бағдарламасын ұйымдастырып, оларға үміт шырағын жағуға ниеттеніпті.
«Мен әлеуметтік және қайырымдылық мақсаттағы жобамды мақтан тұтамын. Жеке тәжірибем мен білімімді ақысыз ұсына отырып, оларға кем дегенде 135-150 сағат уақыт бөлемін. Бұл – елімнің дамуына қосқан үлесім», -дейді Әсел.
Бүгінгі таңға дейін жинақталған білім мен еңбектің арқасында Әсел америкалық ACPA және қазақстандық AREK жасыл энергетика, «Women in Energy», халықаралық жобаларды басқару IPMA қауымдастықтарының, жобаларды басқару институтының (PMI), энергетикадағы дрондар мен роботтар жөніндегі халықаралық коалицияның сараптамалық кеңесінің, AES жасыл технологиялар комитеті және АҚШ тағы Edison Electric Institute (EEI) ұшқышсыз авиациялық жүйелер бойынша (UAS) жұмыс тобының мүшесі саналады. Сондай-ақ Федералдық авиация агенттігінің саясатын әзірлеуге қатысқан.
2020 жылдың желтоқсанында Әсел Әлібекқызы АҚШ-тың Duke университетіндегі Duke Fuqua бизнес мектебін Executive MBA-мен аяқтады. Оның ендігі мақсаты – алып Америкадан алған тәжірибесін еліміздің ғылым саласын дамытуға арнау. Әсел Аяпова араға үш жыл салып елге оралуды көздеп отыр. Кейіпкеріміз, сыртта алған білімімді ел дамуы жолында қолданғым келеді, елдегі ғылым саласына өз үлесімді қосамын, ғылымға берерім көп дейді.
Ойы оқ, сөзі от, қадамы нық Әсел Аяпова елдегі ғылым саласында табанды еңбек етеді деп сенім артамыз. Құрлықтарды аузына қаратқан қазақ қызының қашанда еңсесі биік болсын демекпіз.