ӘлемБасты ақпаратБілімГенетикаҒылым қорыҒылыми мақалаларДенсаулықЖаңалықтарЖүзден жүйрік...Мүмкіндік

Сал ауруына шалдыққан адам өз ойымен робот қолын басқара алады

Калифорния университетінің зерттеушілері сал ауруына шалдыққан адамның роботтандырылған қолды басқаруына мүмкіндігін тудырды. Бұл ми сигналдарын компьютерге жіберетін құрылғының көмегімен жүзеге асты, деп хабарлады Cell журналында.

Ол заттарды ұстау, жылжыту және тастау әрекеттерін тек ойша елестету арқылы орындай алды. Бұл құрылғы ми-компьютер интерфейсі (BCI) деп аталады және ол рекордтық 7 ай бойы түзетуді қажет етпей жұмыс істеді. Бұған дейін мұндай құрылғылар тек бір-екі күнге ғана жарамды болған. BCI жүйесі жасанды интеллект моделіне негізделген. Бұл модель адамның бір қозғалысты бірнеше рет қайталауы кезінде мидағы шағын өзгерістерді ескере отырып, оларды жетілдіріп отырады.

«Адам мен жасанды интеллект арасындағы осындай өзара оқыту – ми-компьютер интерфейстерін дамытудың келесі кезеңі. Бұл технологияны шынайы өмірде қолдануға мүмкіндік беретін маңызды қадам», – дейді Калифорния университетінің неврология профессоры, медицина және философия докторы Карунеш Гангули.

Мидағы өзгерістерді есепке алу

Зерттеудің негізгі жаңалығы – адамның күн сайын белгілі бір қимылдарды ойша қайталаған кезде мидағы белсенділіктің қалай өзгеретінін анықтау болды. Жасанды интеллект осы өзгерістерді есепке алуды үйренгеннен кейін, жүйе бірнеше ай бойы тұрақты жұмыс істей алды. Гангули бұған дейін жануарлардың ми белсенділігін зерттеп, олардың қозғалысты қалай елестететінін талдаған. Ол бұл процестің адамдарда да дәл солай жүретінін және BCI құрылғыларының тез істен шығуының себебі осында жатқанын болжады. Осы теорияны тексеру үшін ол әріптесі, неврология саласындағы зерттеуші Никхилеш Натраджбен бірге инсульт салдарынан сал ауруына шалдыққан қатысушыны зерттеуге алды.

Қатысушы сөйлеу және қозғалу қабілетінен айырылған еді…

Оның миының беткі қабатына арнайы сенсорлар имплантацияланды. Бұл сенсорлар адамның белгілі бір қозғалысты елестеткен сәтінде пайда болатын ми сигналдарын тіркеді. Зерттеу барысында қатысушыдан қолын, аяғын немесе басын қозғалтып жатқанын елестету сұралды. Ол физикалық тұрғыдан қимылдай алмаса да, оның миы қозғалысты ойша қайталай отырып, тиісті сигналдарды шығара алды. BCI бұл сигналдарды сенсорлар арқылы тіркеп отырды. Зерттеу тобы мидағы қимылдарды елестету үлгілері тұрақты сақталатынын, бірақ олардың орналасу орны күн сайын сәл өзгеретінін анықтады.

Виртуалды тәжірибеден шынайы қимылдарға

Гангули қатысушыдан екі апта бойы саусақтары мен қолын қимылдатып жатқанын елестетуді сұрады. Осы уақыт ішінде жүйе оның ми белсенділігін тіркеп, BCI құрылғысын үйретті. Алайда қатысушы робот қолды басқаруды бастағанда, оның қимылдары дәл болмады. Сондықтан зерттеушілер оған виртуалды робот қолмен жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Бұл оған визуализацияның қаншалықты дәл орындалғанын көруге көмектесті. Қатысушы виртуалды қолды басқаруды үйренгеннен кейін, ол шынайы робот қолды бар болғаны бірнеше тәжірибелік сессиядан соң меңгерді. Ол робот қолды пайдаланып заттарды алып, оларды бұрып, басқа жерге орналастыра алды. Сондай-ақ шкафтың есігін ашып, шыныаяқты алып, оны су диспенсеріне қоюға мүмкіндік алды. Бірнеше айдан кейін де қатысушы BCI арқылы робот қолды басқара алды. Тек жүйені бейімдеу үшін 15 минуттық жаттығу қажет болды.                         Қазіргі уақытта Гангули жасанды интеллект моделін жетілдіріп, робот қолдың қозғалысын жылдамырақ және табиғи ету бағытында жұмыс істеп жатыр. Ол BCI құрылғысын тұрмыстық ортада сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Сал ауруына шалдыққан адамдар үшін өздігінен тамақтану немесе су ішу мүмкіндігі өмірді түбегейлі өзгерте алады. «Қазіргі уақытта біз жүйені жасауды үйрендік, енді оны шынайы өмірде қолдануға дайынбыз», – деп қортындылады Гангули.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру