Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы ел дамуының негізгі стратегиялық бағыттарын айқындап қана қоймай, әрбір азаматқа жақын әлеуметтік мәселелерді де қамтыды. Әсіресе ғылым мен білім саласы, көпбалалы отбасыларға қолдау, әйелдердің құқықтары жайындағы ойлары қоғамда кеңінен талқылануда.
Ғылым мен білім – ұлт болашағы
Президент Жолдауында білім беру жүйесін жетілдіруге баса назар аударылды. Жоғары білім мен ғылымды дамытуға арналған 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдама, сондай-ақ мектепке дейінгі және орта білім саласына қатысты жаңа құжаттар қабылданғаны айтылды. Бұл реформалар ұстаз мәртебесін арттырып, жастардың ғылыми әлеуетін көтеруге бағытталған. Ғылым мен білімге салынған инвестиция – елдің ертеңіне салынған сенімді қадам екені тағы да айқындалды.
Көпбалалы отбасы – қоғамның тірегі
Жолдауда көпбалалы аналарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау жайы да кеңінен сөз болды. «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» атағын иеленген әйелдерге өмір бойы мемлекеттік төлемдер жалғасады. Сонымен қатар республикалық деңгейдегі жәрдемақылар тұрақты түрде сақталмақ. Ал жергілікті әкімдіктердің қарауындағы әлеуметтік көмектер өңірдің мүмкіндігіне қарай көрсетіледі. Бұл – көпбалалы отбасылардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді қадам.
Әйел құқығы – өркениетті қоғам кепілі
Президент әйелдердің қоғамдағы орны мен мәдениетіне де тоқталды. Ол қоғамдық ортада айқай-шу шығару, балағаттау секілді дөрекілікке жол берілмеуі тиіс екенін ашық айтты. Бұл – ұлт мәдениетін сақтау жолындағы елеулі ескерту. Сонымен бірге халықаралық деңгейде гендерлік теңдік қағидаттарын ұстану, әйелдердің әлеуметтік және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі де назардан тыс қалмады. Әйел құқығын қорғау – тек заңдық міндет емес, ұлттың рухани дамуының да көрсеткіші.
Қорытынды
Жолдау – елдің даму жолындағы бағдаршам. Ғылым мен білімді дамыту, көпбалалы аналарды қолдау, әйелдердің құқығын қорғау – қоғамның тұрақтылығы мен өркениеттілігінің кепілі. Тоқаевтың айтқан бастамалары әрбір қазақстандыққа қатысты және ел болашағының баянды болуына қызмет етпек.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушылары Г.М. Мужигова, Г.Т. Тилеужанова