Жаңалықтар

Ақындар махаббат портында жүздесті

12 қыркүйек күні көк теңіздің жағалауында, ашық аспан астында қазақ поэзиясының бірегей тұлғасы, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұманбай Молдағалиевтің 90 жылдығына арналған «Махаббат портында жүздескенше» атты поэтикалық кеш өтті. Бұл рухани тағылымы мол шараны Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасы ұйымдастырды.

Әдеби кештің шымылдығын ҚР Мәдениет саласының үздігі, Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Тоқабаева Ғалия Сламбайқызы ашты. Ол Тұманбай шығармашылығының қазақ әдебиетіндегі орны мен ұрпаққа қалдырған мол мұрасы жайында ой өрбітті.

Кештің көрігін қазақ поэзиясының айтулы өкілдері қыздырды. Ұлықбек Есдәулет, Қадырғали Көбентай, Мұрат Шаймаран, Қуат Қайранбаев, Бағдат Мүбәрак, Жангелді Немеребай, Айгүл Жұмаділ, Ақгүл Айдарбекова, Мұхтар Күмісбек, Мөлдір Айтбай жүректерді тербеткен нәзік лирикалық жырларын оқып, тыңдарманды поэзия әлеміне жетеледі. Әр шумақтан Тұманбайдың сыршылдығы мен махаббатқа толы әуені сезілді.

Ол ақын мұрасын дәріптеу арқылы жас ұрпақтың жүрегіне поэзияға деген сүйіспеншілікті ұялату – басты мақсат екенін атап өтті.

Әсерлі өлеңдерге толы рухани жиын көрерменнің көңілін толқытып, Тұманбай жырларының мәңгілік өміршеңдігін тағы бір дәлелдеді.

 

Әмина Адайхан

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру