Жер сілкінісінен кейін үйінділер астында қалғандарды іздеу, ғимарат ішіндегі тар кеңістіктерге ену — осындай төтенше жағдайларда адамға көмекке келетін жаңа шешім пайда болды. Массачусетс технологиялық институтының (MIT) инженерлері секіріп қозғалатын, жәндіктер көлеміндей шағын әрі қуатты робот жасап шығарды.
Секіру арқылы кедергіден өту
Әдеттегі жорғалаушы микро-роботтар биік кедергілерден өте алмайды, ал дрон секілді ұшатын құрылғылар көп энергия жұмсайды. Жаңа робот осы екі әдістің артықшылықтарын біріктіреді: ол аз энергия жұмсай отырып, биік кедергілерден секіріп өте алады. Адамның бармағынан кішкентай, салмағы қағаз қыстырғыштан да жеңіл бұл құрылғы серіппелі аяғы мен төрт қанаты арқылы қозғалады. Ол 20 сантиметр биіктікке дейін секіре алады және секундына 30 см жылдамдықпен қозғалады. Мұзды, ылғалды немесе кедір-бұдыр жерлерден де қиналмай өте алады. Тіпті ұшып жүрген дронға да қона алады. Сонымен қатар әуе роботтарымен салыстырғанда 60 пайызға дейін аз энергия тұтынады.
Салмақ пен сенімділік – басты артықшылық
Роботтың жеңіл әрі төзімді құрылымы арқасында ол өз салмағынан он есе ауыр жүкті көтере алады. Бұл болашақта сенсорлар, аккумуляторлар және бақылау схемаларын орнатуға мүмкіндік береді. Осылайша, робот өздігінен жұмыс істеп, нақты жағдайларда қолданысқа ие болуы ықтимал.
«Секіретін роботтың арқасында біз енді аккумулятор, схема және датчиктерді орнатуды оңай жүзеге асыра аламыз. Бұл оны шынайы өмірде қолдануға бір қадам жақындатады», – дейді зерттеу авторы МИТ докторанты И-Хсуан (Немо) Сяо.
Қозғалыс тиімділігін арттыру
Секіру табиғатта жәндіктерге тән қасиет: бүргелер мен шегірткелер секілді. MIT инженерлері осы биомиметикалық идеяны робот техникасына енгізіп, оның серіппесін қаламдағы серіппеге ұқсас етіп жасаған. Секіру кезінде робот жерге соғылғандағы энергияны қайтадан жоғары бағыттағы қозғалысқа айналдырады. Пайда болған жоғалтуды өтеу үшін қанатты модульдер қолданылады – олар роботқа көтерілуді қамтамасыз етеді және келесі секіру алдында оның бағытын дұрыстайды. Бұл қанаттар «жасанды бұлшықеттер» технологиясымен жасалған, әрі соққыларға төзімді.
Зияткерлік басқару – дәлдік кепілі
Роботтың секіру бағыты мен қозғалысын сыртқы қозғалыс бақылау жүйесі және арнайы алгоритм анықтайды. Ол жерге қонар кезде өзінің келесі мақсатты бағытын есептеп, соған сәйкес жылдамдығын реттейді. Әуеде қанаттары арқылы өз бағытын өзгертіп, қажетті бұрышпен жерге қонуға тырысады.
Кез келген ортада жұмыс істеуге бейімделген
Зерттеулер көрсеткендей, робот шөп, мұз, дымқыл әйнек, ойлы-қырлы жерлер секілді әртүрлі беттерде сәтті жұмыс істей алады. Тіпті қозғалып тұрған бетке де қона алады. Салмағы жеңіл болғандықтан, оның инерциялық моменті де төмен – бұл оны аса маневрлі және соқтығысқа төзімді етеді. Зерттеушілер роботтың сальто жасағанын да көрсетті. Сонымен қатар ол ұшып жүрген дронға қонып, екі құрылғы да зақымданбай бірлесіп әрекет ете алады.
Команда роботтың өз салмағынан екі есе көп жүк тасымалдай алатынын дәлелдеді. Алдағы уақытта оған түрлі сенсорлар, камералар мен батареялар орнатылып, оны шынайы ортада автономды қолдану жоспарланып отыр.