Басты ақпаратБілімЖаңалықтарЖігерленЖүзден жүйрік...МүмкіндікТехнология

Астанада «Ғылыми білім, инновация және жастар – тұрақты даму негіздері» атты ІІІ халықаралық ғылыми форумы басталды!

2025 жылғы 9 сәуірде Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында дүние жүзінен келген ғалымдар, білім беру саласының сарапшылары, жас зерттеушілер мен оқушылар бас қосқан ерекше ғылыми іс-шара – III Халықаралық ғылыми форум өз жұмысын бастады.

Алғашқы құттықтау сөздерді Астана қаласының Білім басқармасының басшысы Сенгазаев Касымхан Сенгазаевич пен республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының директоры Тұрсынов Гаждембек Қуанышұлы айтты. Олар жастардың ғылымға деген қызығушылығы мен ынтасын жоғары бағалап, білім мен инновацияның ел болашағындағы орны туралы атап өтті.
Париж университетінің профессоры, Франция Ұлттық ғылым академиясының мүшесі Пьер Лена мырза жастардың ғылыми әлеуетін дамытудағы инновациялық білім беру жобаларының маңызын ерекше атап өтті. Ол форумға онлайн режимде қатысып, халықаралық ынтымақтастық пен жастардың жаһандық ғылымдағы рөлін тілге тиек етті.                                                                                                               Қазақстаннан Ләззат Абайқызы – ICSC президенті, ҚР патенттік сенімді өкілі, «Балалар ғылымда» жобасының жетекшісі ретінде сөз сөйлеп, ғылым мен білімнің тұрақты даму мақсатындағы маңыздылығына тоқталды. Ол ғылыми жазба мен академиялық тілді меңгерудің маңызын атап, оқушыларға ағылшын тілінде жоба қорғау бағытында жүргізілген дайындық жұмыстары туралы баяндады.
Форум барысында Манзур Сомро (Пәкістан) қазіргі жастардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына дайындығы жайында өз ойын білдірді. Сондай-ақ, Жаңа Зеландиядағы Окленд университетінің докторанты Шыңғыс Ақниязов «Астрономия және космонавтика: Айға сапар және кері оралу» атты презентациясында ғарыштық зерттеулердің қазіргі жетістіктері мен болашағына шолу жасады.
Форумда халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған оқушылардың ғылыми жобаларын ағылшын тілінде таныстыру сәті болды. Мәселен, көкшетаулық оқушы Аружан Жәнібек топырақтың құрамын талдайтын және суды үнемдейтін «Жерұйық» құрылғысын таныстырды. Бұл жоба Кореяда өткен халықаралық байқауда алтын медальға ие болған.
Бұл форум – ғылыммен ерте айналысқан жастардың жетістіктерге ерте жетуінің айқын дәлелі. Білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар мен ғылыми ой-пікірлер тоғысқан бұл алаң – болашақ көшбасшылар мен жаңалық ашушы буынның қалыптасуына серпін беретін маңызды платформа.

Қазақстандағы білім жүйесі жаңа белестерге көтерілуде, және бұл форум — сол жетістіктерге апарар жолдың бір бөлігі!

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру