XII–XIII ғасырларға тиесілі Франциядағы монастырьлардан табылған ондаған сирек қолжазбалар теңіз итбалығының терісімен қапталған болып шықты. Бұл тұжырым ғ Royal Society Open Science журналында жарияланған зерттеуде ұсынылды. Ғалымдардың айтуынша, бұл дерек ортағасырлық кітап жасаушылар тек жергілікті материалдарды пайдаланған деген бұрынғы пікірді жоққа шығарып, олардың халықаралық сауда желісіне қатысқанын дәлелдейді.
Аталған кітаптар Францияның солтүстігінде 1115 жылы цистерциан монахтары негізін қалаған Клерво аббаттығы мен оның еншілес монастырьларына тиесілі. Кейбір кітаптардың жасы 900 жылға жуық. Бұған дейін зерттеушілер олар жабайы қабан не бұғы терісімен қапталған деп есептеген. Алайда кітаптарды микроскоппен зерттеген Париждегі Пантеон-Сорбонна университетінің консерваторы Элоді Левек мүлдем басқа нәтижеге қол жеткізеді.
Алғашқы ішкі қаптамалар расында да қой терісінен жасалған. Алайда сырты қандай жануарға тиесілі екенін анықтау қиынға соғады. Осыны нақтылау үшін Левек әріптестерімен бірге тері үлгілеріндегі ақуыздарды арнайы әдіспен талдап, оларды белгілі жануарлар ақуыздарымен салыстырған. Нәтижесінде бұл терілер теңіз итбалықтарына тиесілі екені белгілі болды.
«Алғашында бұған сенбедім. Нәтижесі қате деп ойладым. Сол дәуірде итбалықтар Францияның солтүстік жағалауына сирек келетін. Талдауды қайта жүргіздік — нәтиже тағы да итбалық терісі болып шықты», — дейді Левек.
Бес кітап мұқабасынан алынған ДНҚ-талдау олардың расымен итбалық терісінен жасалғанын растады. Төрт үлгі генетикалық тұрғыдан Скандинавия, Дания және Шотландия итбалықтарына ұқсас болса, бесінші үлгі Гренландия немесе Исландияда тіршілік ететін түрге жақын болған. Зерттеушілер мұндай қаптамалармен безендірілген тағы 43 кітапты анықтап, оларды каталогқа енгізді.
Ғалымдардың болжамынша, бұл терілерді солтүстіктегі аңшылар аулап, сауда жолдары арқылы Францияға жеткізген. Монахтар кітаптарды итбалық терісімен қаптағанын білмеуі де мүмкін.