Орегон штаты университетінің зерттеушілері қабынуға қарсы дәрілерді гематоэнцефалдық тосқауыл (ГЭТ) арқылы өткізудің жаңа тәсілін тапты. Бұл әдіс Альцгеймер, Паркинсон, шашыраңқы склероз сынды неврологиялық аурулар мен онкологиялық кахексияны емдеудің тың мүмкіндіктерін ашуы мүмкін.
Жаңа дәрі жеткізу тәсілі — арнайы жасалған нанобөлшектерге негізделген. Бұл бөлшектердің көлемі 100 миллиардтан бір бөліктей ғана. Ғалымдар олардың тиімділігін тышқандарға жасалған тәжірибе барысында тексеріп көрді. Нәтижесінде, екі пептидпен функционалданған полимерлі нанотасымалдаушылар гипоталамусқа жетіп, қабынумен байланысты негізгі ақуызды тежейтін дәріні сәтті жеткізген.
Гипоталамус — мидың кішкентай, бірақ өте маңызды бөлігі. Ол дене температурасы, гормон өндіру, ұйқы циклдары, эмоциялар, аштық пен шөл сезімін реттеу арқылы организмнің ішкі тепе-теңдігін (гомеостазды) қамтамасыз етеді. Зерттеу гипоталамустың кахексиямен байланысын зерттеуге бағытталған. Кахексия — бұл ас қабылдаса да салмақ жоғалтуға әкелетін қатерлі синдром. Ол аналық без, асқазан, өкпе және ұйқы безі обырына шалдыққан адамдарда, сондай-ақ созылмалы бүйрек жетіспеушілігі, муковисцидоз, Крон ауруы, ревматоидты артрит пен ВИЧ кезінде де кездеседі.
Кахексия кезінде ағза майды ғана емес, бұлшық ет массасын да жоғалтады. Бұл синдром онкологиялық дерттің өршуімен бірге науқастардың 80%-на дейінін шарпып, олардың 30%-на өлім қаупін төндіреді.
«Гипоталамустағы қабыну тәбеттің төмендеуіне және метаболизмнің бұзылуына тікелей әсер етеді. Кахексияның өршуі пациенттің өмір сапасына, ем қабылдауға төзімділігіне және тірі қалу мүмкіндігіне үлкен әсер етеді», – дейді профессор Таратула.
Алайда қабынуға қарсы дәрілерді, соның ішінде осы зерттеуде қолданылған IRAK4 ингибиторларын гипоталамусқа жүйелік жолмен жеткізу — өте күрделі мәселе. Бұл ең алдымен гематоэнцефалдық тосқауылдың (ГЭТ) табиғи қорғаныс рөлінен туындайды. ГЭТ — бұл ми мен қан айналымын бөлетін ерекше сүзгі. Ол пайдалы заттар — оттегі мен глюкозаны өткізгенімен, токсиндер мен зиянды микробтардан миды қорғайды. Бірақ дәл осы сүзгі терапевтік заттардың өтуіне де кедергі жасайды.
«Тіпті ГЭТ-тен өткен күннің өзінде, гипоталамустың ішіндегі басты нысана — микроглия жасушаларына дәл жету — үлкен қиындық. Біздің нанотасымалдаушылар екі жақты бағытталу мүмкіндігін көрсетті. Олар микроглияға жеткенде, жасуша ішіндегі глутатион деңгейінің көтерілуі арқылы дәрі белсенді түрде босатылады. Біз алғаш рет IRAK4 ингибиторын онкологиялық кахексиясы бар тышқандардың гипоталамусына тиімді жеткізуге болатынын көрсеттік», – дейді Таратула.
Ғалымдар гипоталамуста қабынудың негізгі белгілерінің едәуір төмендегенін, ал нанотасымалдаушылардың тәбетті 94%-ға арттырып, дене мен бұлшық ет массасын сақтауына ықпал еткенін анықтады. Профессор Таратула бұл жаңалық тек онкологиямен шектелмейтінін атап өтті.
«Біздің наноплатформаның ГЭТ арқылы өтіп, микроглияны нысанаға ала отырып емдік заттарды жеткізуі – Альцгеймер, шашыраңқы склероз секілді ми қабынуымен байланысты ауруларды емдеуде жаңа мүмкіндік ашады», – деді ол.