93 мектеп-лицейінің Tedx форматындағы қорытынды кеші
Ұстаз бен шәкірт қол ұстасып, білім мен құндылықты қатар алып жүрсе – нағыз өркениет сонда басталады. Ал бұл кеш – сол өркениетке бастар сәулелі қадам!
Білім – ақиқатқа бастар жол, ал құндылық – сол жолдың жүрекке түсірер ізі. 93 мектеп-лицейі ұйымдастырған “Құндылықтарға құрылған білім – жеңімпаздар тәжірибесі” атты Tedx форматындағы қорытынды кеш – осы сөздердің нақты дәлелі болды. Бұл – жай ғана есеп беру немесе марапаттау сәті емес, бұл – жыл бойы рухани ізденіспен, әдеби тереңдікпен, ұстаз бен шәкірттің өзара сеніміне құрылған еңбектің жарқын көрінісі.
Сапамен өлшенген сапар
“8 ай – 8 кітап – 80 сұрақ” формуласы, шын мәнінде, жастардың ішкі әлеміне сапар шеккен рухани экспедиция. Ана мен баланың бұл байқауда топ жарып, шетелге жолдама алуы – бір отбасының емес, тұтас мектеп қауымының ортақ жеңісі. Оқылған кітаптар – қазақ әдебиетінің жауһарлары, әрқайсысы адам жанының түрлі қырын ашатын терең ойлы туындылар.
Сайын Мұратбековтың “Жусан иісі” – сағыныш пен балалықтың аңсары,
Әзілхан Нұршайықовтың “Ақиқат пен аңызы” – адалдық пен азаматтықтың айнасы,
Сәбит Мұқановтың “Ботагөзі” – тағдыр мен махаббаттың драмасы,
Жүсіпбек Аймауытовтың “Ақбілегі” – әйел тағдыры, ұлттық қасірет,
Оралхан Бөкейдің “Қар қызы” – сыр мен сезімнің шексіз кеңістігі,
Дулат Исабековтың “Қарғыны” – өркениет пен ар тазалығы,
Сәкен Жүнісовтың “Жапандағы жалғыз үйі” – жалғыздықтың жан дауысы,
Зейнеп Ахметованың “Шуақты күндері” – өткен мен бүгіннің диалогы.
Бұл шығармалар – тек әдеби мәтін емес, өмірдің өзін сөйлеткен көркем ақиқаттар.
Шығармалар тек сюжет немесе кейіпкер тағдырымен ғана емес, олардағы өмір мен өлім, ар мен намыс, махаббат пен адалдық, жалғыздық пен үміт секілді мәңгілік категориялар арқылы оқушыны ойлауға, сезінуге, адам болмысына үңілуге жетелейді. Бұл – білімнің ең асқақ формасы: ақпарат емес, түсінік, есте сақтау емес, түйсік.
«Осы жоба арқылы анам әлемге менің көзіммен қарай бастады» — деді, байқаудан екінші орын иеленген 10 «ә» сынып оқушысы Масқанова Шынар.
“Әр кітап – бір әлем” жобасы аясында ұстаздар қауымы да рухани ізденістен шет қалмады. Олар оқыған шығармалар – педагогикалық парасат пен адамтанудың терең көзі. Ұстаз үшін білім беру – жай ғана пән үйрету емес. Ол – жүректен жүрекке жол салу, адам бойындағы мүмкіндікті көріп, соны ашу. Білім – адамның жанына бағытталған күш, ал ұстаз – сол күштің таратушысы. Осы орайда білім туралы ойшылдардың көзқарасына кезек берсек, Конфуций: “Білімді адам өзін толықтырады, білімсіз адам өзін көрсеткісі келеді” деді. Әл-Фараби болса “Білім – тәрбиемен бірге жүргенде ғана адам адамдыққа жетеді” деп тұжырымдады. Осы философиялық тұжырымдар мектеп аясындағы жобаларда нақты іске асқандай.
Кеш барысында “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобалар – тәрбие мен білімді бөліп-жармай қарастырудың жарқын көрінісі болды. “Ұшқыр ой алаңы”, “Шабыт”, “Қамқор”, “Smart Bala” сияқты жобалар баланың тек зияткерлік қабілетін ғана емес, адамгершілік, қайырымдылық, жауапкершілік қасиеттерін де дамытуды көздегенін дәлелдеді.
Мұндай жобалар арқылы балада тек білім емес, болмыс қалыптасады. Ал, болмыс – адамның ішкі тұтастығы, яғни білімі, сенімі, әрекеті мен мінезі бір арнада тоғысқанда ғана рухани кемелдікке жетуге болады.
Физика пәнінің мұғалімі, Бақытжан Айболұлының Bookchallenge жобасы аясындағы пікірі де көпшілікті толғантпай қоймады. “Кітаптың берері – ой талғамын қалыптастыру.”- деді Бақытжан Айболұлы. Расында, шынайы білім – дайын жауаптарды емес, жаңа сұрақтарды тудырады. Ал кітап – сол сұрақтарға жол ашатын рухани құрал.
Бұл кеш – бір жылдық еңбектің шарықтау шегі ғана емес, құндылықтар арқылы өркендеудің жарқын үлгісі. Бүгінгі шәкірт – ертеңгі ел тұтқасы. Олардың рухани азығы бай, танымы терең болса – болашақ жарқын болмақ.
Бұл жобаның жоғары деңгейде өтуіне мектеп директоры Бексұлтан Полатбекұлының тікелей бастамасы мен қолдауы ерекше ықпал етті. Ұрпақ тәрбиесін жаңаша көзқараспен ұйымдастыруға ұмтылған басшы ретінде ол білім мен құндылықты ұштастырған осындай жобаларға зор мән беріп келеді.
Басшының жанашыр көзқарасы мен заманауи ойлауы – мектеп ұжымының шабытпен, сеніммен жұмыс істеуіне берік негіз болуда.
Осы жобада ерекше белсенділік танытып, шығармашылық ізденістерімен көзге түскен бірқатар ұстаздар да шәкірттерімен бірге шетелге жолдама ұтып алды. Бұл – ұстаз еңбегінің лайықты бағалануы ғана емес, қоғамның «Мұғалім – келешек сәулетшісі» деген қағиданы нақты іске айналдырып отырғанының жарқын дәлелі. Бұл жолдамалар – жай ғана саяхат емес, рухани шабыттың, кәсіби мойындаудың, жан мен жүректі жаңғыртатын рухани демнің белгісі. Бұл – ұстазға көрсетілген шынайы құрметтің, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлестің нақты көрінісі. Өйткені құндылықтарға негізделген білім – бұл тек оқу бағдарламасы емес. Бұл – өмірді тануға, адам болуға, жүректен жол іздеуге бағытталған рухани бағдар. Ал 93 мектеп-лицейі осы бағытты нақты ісімен, мазмұнды жобаларымен, нәтижелі еңбегімен дәлелдеп келеді. Бұл – сөзсіз, жеңіс. Бұл жеңіс – санадағы серпіліс, жүректегі жаңғыру, болашаққа салынған сенімді көпір!