ӘлемБасты ақпаратҒылыми мақалаларДенсаулықЖаңалықтарЖігерленМүмкіндік

Қараңғыда көру мен түсті ажырату мүмкіндігі: жаңа буын контакт линзалары

Ғалымдар инфрақызыл диапазонда көруді қамтамасыз ететін және тіпті түрлі-түсті ажырату қабілетін жоғалтқан адамдарға көмектесе алатын жаңа буындағы контактілі линзаларды жасап шығарды. Бұл жаңалықты зерттеушілер «қадағалаушы көру» мүмкіндігін беретін технология деп атады. Линзалар құрамындағы нанобөлшектер төмен жиілікті инфрақызыл сәулелерді сіңіріп, оны көрінетін жарыққа түрлендіреді — бұл адам көзіне көрінбейтін толқын ұзындықтарын көруге жол ашады, деп жариялады Cell Press журналында.

«Зерттеуіміз инвазивті емес, киюге ыңғайлы құрылғылар арқылы адамдарға жаңа көру мүмкіндігін берудің әлеуетін көрсетеді. Бұл материалдың қауіпсіздік, құпия ақпарат жеткізу, құтқару операциялары және жалған өнімдерге қарсы күрес салаларында кеңінен қолдану мүмкіндігі бар», – деді зерттеу жетекшісі, нейробиолог Тянь Сюэ.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде алғаш қолданылған дәстүрлі түнгі көзілдіріктер көрінетін жарықты немесе инфрақызыл фотондарды электронға айналдырып, оны жасыл түсте жарқырайтын экранға бағыттайды. Алайда мұндай құрылғылар ауыр, қуат көзін талап етеді және ұзын толқынды инфрақызыл сәулелерді нақты ажырата алмайды.
Жаңа линзаларды жасау үшін ғалымдар фторид гадолиний, иттрий, эрбий мен алтыннан тұратын нанобөлшектерді жұмсақ линзаларда жиі қолданылатын икемді әрі улы емес полимерлерге енгізген. Бұл нанобөлшектер 800–1600 нанометр аралығындағы инфрақызыл жарықты сіңіріп, оны 380–750 нанометр диапазонындағы көрінетін жарыққа айналдырады.
Ғалымдар алдымен бұл линзаларды тышқандарға сынап көрді. Линза тағылған тышқандар инфрақызыл жарықпен жарықтандырылған жәшіктерден гөрі қараңғы жәшіктерге көбірек кіретін болған, ал линзасыз тышқандарда ондай артықшылық байқалмаған. Бұдан тышқандар инфрақызыл жарықты сезіне алатыны байқалды. Сонымен қатар линзалар таққан тышқандарда инфрақызыл жарық көздері әсер еткенде көз қарашығы тарыла бастаған, ал олардың миындағы көру процесіне жауапты аймақтардың белсенділігі артқан. Кейін зерттеушілер линзаларды адамдарда да сынап көрді. Нәтижесінде қатысушылар инфрақызыл жарықтың жыпылықтауын көріп, оның бағытын анықтай алды. Таңғаларлығы — көз жұмулы кезде бұл көру қабілеті күшейе түскен.

«Бұл — нақты дерек: линзасыз адам ештеңе көрмейді, ал линзаны кигенде инфрақызыл жарықтың жыпылықтауын анық көре алады. Қатысушылар көзін жұмғанда бұл әсер күшейеді, себебі инфрақызыл жарық қабақ арқылы көрінетін жарыққа қарағанда оңай өтеді, бұл өз кезегінде көру процесіне көрінетін жарықтың кедергісін азайтады», — деді Сюэ.

Ғалымдар линзалардағы нанобөлшектерді түрлендіріп, инфрақызыл жарықтың әртүрлі аймақтарын көк, жасыл және қызыл түстерге айналатындай етіп баптады. Бұл технологияны түсті ажырату қабілеті бұзылған адамдарға көмек ретінде қолдануға болады.

«Мысалы, қызыл түсті жасыл түске айналдыру арқылы бұл технология түсті ажырата алмайтын адамдарға бұрын көрінбейтін нәрселерді көруге мүмкіндік береді», — деп түсіндірді Сюэ.

Алайда, бұл инновациялық линзалар нарыққа шығуға дайын емес. Қазіргі таңда олар тек жарық диодты (LED) секілді өте жарық көздерінен шыққан инфрақызыл жарықты ғана қабылдай алады. Зерттеушілер линзалардың сезімталдығын арттырып, әлсіз жарықта да жұмыс істеуін қамтамасыз етуі керек. Сонымен қатарьлинзалардың көздің тор қабығына тым жақын орналасуы ұсақ бөлшектерді көруге кедергі келтіруі мүмкін. Осыған байланысты ғалымдар жоғары сапалы бейне алуға мүмкіндік беретін арнайы шыны құрылғысын әзірлеп жатыр.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру