Бостандықта жүрген адам темір тордың ар жағында жатқан адамның көңіл-күйін түсіне бермейді. Ол жақтағы адамдар еркіндікте жүрген адамдарға қарағанда психологиялық қолдауға әлденеше есе мұқтаж. Осы мұқтаждықтың орнын толтыру мақсатында Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Social project management орталығы арнайы психологиялық тренингтер ұйымдастырды. Оны практик-психолог Гульбанум Мурадуллаева жүргізді.
Қалада қазір үш түрме жұмыс жасап жатыр. Онда мыңдаған заң бұзушылар жазасын өтеуде. Тренингтер осы үш колонияда өтті.
Бас бостандығынан айыру мемлекеттік мәжбүрлеу шаралары жүйесіндегі ең қатаң жазалардың бірі болып табылады. Оның жазалау сипаттамасы жазаны өтеу жағдайларына да, сотталған адамның әлеуметтік ортасына да байланысты. Сондықтан қылмыстың қайталанбауы үшін, алдын алудың маңызды бағыты бас бостандығынан айырылған адамдарға психологиялық бағыт-бағдар беру болып табылады.
Шетелдік және отандық тәжірибе көрсеткендей, түзеу мекемелерінен босатылған адамдарды әлеуметтік оңалту бағдарламалары адамға отбасымен бірге тұруға, қалыпты қарым-қатынасты сақтауға, жұмыс істеуге, отбасын асырауға, салық төлеуге мүмкіндік береді.
«Әрбір адам түзеліп, парасатты азамат бола алмайды және бола бермейді Сондықтан оларды тек ерікті түрде, тек түзетуге және қалыпты адамзат қоғамының лайықты мүшесі болуға қабілетті адамдарға қолдану керек. Жазаға тартылған адамның қателігін, мінін бетіне басу емес, орын алған қылмыстың себеп салдарын зерттеп, мүмкіндігінше сотталушының қайталап қылмыс жасамауы үшін оның әлеуметтік жағдайын жақсартуға психологиялық тұрғыдан көмек беру» дейді тренинг жүргізуші Г.Мурадуллаева.
Түзету деп сотталушыға оның әлеуметтік-психологиялық қасиеттерін түзету, теріс көзқарастарды бейтараптандыру, қылмыстық жауапкершілік туралы заңның ережелерін сақтауды қамтамасыз ету, одан да жақсысы — заңға құрметпен қарау мақсатында оның зорлық-зомбылық әсерін түсіну керек. Мұндай нәтижеге қол жеткізу жазаны қолданудың маңызды нәтижесі, оның тиімділігінің маңызды көрсеткіші болып табылатын психологиялық қолдау деп танылады.