Басты ақпаратЖаңалықтар

Қазақстан мен Германия ғылым саласында да әріптестік орнатпақ

Қазақстан мен Германия ғылым саласында да әріптестік орнатпақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шақыруымен келген Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің Қазақстанға мемлекеттік сапары аяқталды.

Ақорда төрінде Қазақстан мен Германия президенттерінің кеңейтілген құрамда жүргізген келіссөздері аясында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Сыртқы істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға және  Қазақстан-Неміс Университеті мен Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті арасындағы «Қазақ-Неміс тұрақты инженерия институтын» құру туралы келісім шартқа қол қойылды.

Екі ел Президентінің қатысуымен өткен кешегі күннің тағы бір маңызды шарасы — Қазақстан-Германия университеттерінің Форумы. Форум жұмысына 25 қазақстандық және 11 неміс техникалық университеттердің өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы Астанаға арнайы келген Германия Президентіне және неміс университеттерінің өкілдеріне алғыс айтып, бұл сапар қазақ-неміс ынтымақтастығын кеңейтуге мүмкіндік беретін еліміздің білім және ғылым саласындағы маңызды оқиға екенін атап өтті.

«Ғылым мен технологияны қоса алғанда, көптеген саладағы байланыстарымызды нығайтуға мол мүмкіндік бар. Қазақстанды Еуразиядағы зерттеу хабына айналдыру – арманым. Осы орайда менің арманымның жүзеге асуында неміс университеттері маңызды рөл атқарады. Ал мүмкіндіктер туралы айтатын болсақ, әрине, біз экономикалық серіктестігімізді нығайтуға баса назар аударамыз. Неміс инвесторларының экономикамыздың дамуына белсенді атсалысуын жоғары бағалаймын. Қазақстан Үкіметі бизнес-қоғамдастықтың еліміздегі ұзақ және қауіпсіз қызметі үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Сіздердің бизнестегі, экономикадағы, сондай-ақ ғылыми саладағы кәсіптеріңіз табысты болуы үшін Қазақстан Үкіметі қабылдайтын барлық шараны талқыладық», — деді Президент.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым мен технологияны дамытуға, қолдауға, отандық жоғары оқу орындарының әлеуетін күшейту мәселелеріне баса мән берілетінін айтты.

Өз сөзінде Германия президенті Қазақстанның ғылым және білім салаларында орын алып жатқан жаңғырту үдерістеріне оң баға берді.
Жалпы, кешегі күннің қорытындысымен ынтымақтастық туралы 10 келісімге қол қойылды.

Бұл уағдаластықтардың алдағы онжылдықта біздің елдеріміз арасындағы жоғары білім және ғылым саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізгі құжаттарының бірі болатынына және  мемлекеттеріміздің ғылыми әлеуетін арттыруға ықпал ететініне сенім білдіреміз.

Sayasat Nurbek телеграм каналы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру