Бүгінде жаһандану үдерісімен қатар әлем жұртшылығына жұқпалы аурулар төндіретін қауіп күшейіп отыр. Соңғы жылдардағы COVID-19 пандемиясы мен H1N1, SARS, Ebola, Zika және H5N1 (құс тұмауы) сияқты вирустардың таралуы бұл қауіптің қаншалықты ауқымды екенін көрсетті. Мұндай індеттер жаһандық деңгейде денсаулық сақтау жүйесіне ауыр салмақ түсіріп қана қоймай, экономикалық шығындарды да күрт арттырады. Molecular Therapy журналында жарияланған зерттеуде Пенсильвания университетінің Стоматология мектебінің ғалымдары мен Финляндиядағы әріптестері бұл мәселеге тың шешім ұсынды.
Алайда бұлардан бөлек, жыл сайын қайталанатын маусымдық вирустар да қоғамға үлкен зиян келтіруде. Мәселен, АҚШ-та тұмауға байланысты жыл сайынғы экономикалық шығын көлемі 11,2 миллиард доллардан асып түседі. Ал ауыз арқылы жұғатын 1-типті қарапайым герпес вирусы (HSV-1) әлем халқының үштен екісінен астамын жұқтырған және Батыс елдерінде инфекциялық соқырлықтың басты себебіне айналып отыр.
Гриппке қарсы вакцинаның жеткіліксіз қамтылуы және HSV вирусына қарсы вакцина мүлде болмауы инфекцияның алдын алудың балама жолдарын іздеуді қажет етеді. Әсіресе ауыз қуысы арқылы таралатын вирустармен күресте дәл осы аумақты нысанаға алу маңызды. Бұған дейін SARS-CoV-2 вирусының сілекей мен жұтқыншақтағы жүктемесін 95%-дан астам төмендеткен тәсілге сүйене отырып, олар жаңа вирусқа қарсы сағыз жасап шығарды.
Профессор Генри Даниэль жетекшілік еткен топ құрамында табиғи түрде FRIL (вирусқа қарсы ақуыз) бар Lablab purpureus бұршағынан жасалған сағыздың тиімділігін зерттеді. Бұл ақуыз тұмау вирусының екі штамына (H1N1 және H3N2), сондай-ақ герпестің екі түріне (HSV-1 және HSV-2) қарсы белсенділік танытқан. Зерттеу нәтижесінде, небәрі 40 миллиграмм FRIL ақуызы бар екі граммдық сағыз таблеткасы вирус жүктемесін 95%-дан астам төмендететіні дәлелденді. Бұл көрсеткіш зерттеушілердің бұрынғы SARS-CoV-2-ге қатысты нәтижелерімен сәйкес келеді. Маңыздысы – бұл сағыз FDA талаптарына сай клиникалық дәрі-дәрмек деңгейінде дайындалып, қауіпсіз екені анықталды.
Профессор Даниэль: «Бұл нәтижелер сағыздың адамдарға арналған клиникалық зерттеулерде қолданылуына жол ашады», – деп атап өтті.
Зерттеушілер бұршақ ұнтағының H5N1 вирусына қарсы әсерін де қарастырып жатыр. Соңғы үш айда Солтүстік Америкада 54 миллионнан астам құс H5N1 вирусына шалдыққан, ал АҚШ пен Канадада адамдар арасында да жұқтыру деректері тіркелген. Бұрынғы зерттеулерде бұл бұршақ ұнтағы H5N1 және H7N9 сияқты құс тұмауы штамдарын бейтараптандыратыны дәлелденген болатын. Қазір ғалымдар бұл затты құс азығына қосу арқылы инфекцияның таралуын шектеуге болатынын қарастыруда.
«Вирустардың таралуын бақылау – жаһандық маңызға ие. Табиғи өнім – Lablab бұршағындағы кең ауқымды әсері бар вирусқа қарсы FRIL ақуызы тек адамға емес, құсқа да таралатын тұмау вирустарын бейтараптандыруда үлкен мүмкіндік ұсынады. Бұл – алдын алу мен жұғу жолын шектеудің дер кезінде жасалған жаңалығы», – дейді профессор Даниэль.