Фотосурет: Оңтүстік Флорида университетінің сайтынан алынған
Вулкан атқылауы нәтижесінде пайда болған лавалық құбырлар – үңгірлерді зерттеу арқылы халықаралық ғалымдар тобы Жердің ежелгі экожүйелері туралы жаңа деректер тауып, бұл мәліметтер Марстағы өмірді іздеу үшін маңызды болуы мүмкін деген қорытындыға келді, деп хабарлайды Оңтүстік Флорида университетінің сайтында.
АҚШ-тағы Оңтүстік Флорида университетінің Жер туралы ғылымдар мектебінің профессоры Богдан П. Онак Португалия, Испания және Италиядан келген ғалымдармен бірлесіп, лавалық құбырлардың Марстағы үңгірлер мен жерден тыс өмірді зерттеуге қалай үлгі болатынын зерттеді. Солтүстік Африканың батысындағы испандық Лансароте аралында зерттеу тобы алты лавалық құбырды зерттеп, ондағы минералды шөгінділерді жинады. Кейбір құбырлар соншалықты үлкен, оларда жерасты концерттері өткізіледі.
«Лансаротедегі лавалық құбырлар бірнеше жыл бұрын ашылғанымен, біз бірінші болып осы үңгірлердің минералдары мен микроорганизмдерін егжей-тегжейлі зерттедік», – деді профессор Онак.
Ғылыми жаңалықтар мен оның маңызы
Зерттеу нәтижелері Communications Earth & Environment журналында жарияланды. Онак пен оның командасы минералды шөгінділерді зерттеу үшін молекулалық, изотоптық және минералогиялық озық әдістерді қолданды. Олар лавалық құбырлардың вулкандық жыныстары минералдар мен органикалық қосылыстарды табиғи эрозиядан сақтайтын қорғаныш орта құрғанын анықтады. Ғалымдар кальций мен натрий сульфаттары секілді биосигнатураларды тапты. Бұл микроорганизмдердің, әсіресе бактериялардың, бір кездері осы үңгірлерде өмір сүргенін дәлелдейді.
«Бұл зерттеу Жердегі геологиялық және экологиялық өзгерістерді түсінуге көмектесіп, лавалық құбырларды микробтық өмірге ықтимал баспана ретінде көрсетеді. Сонымен қатар ол Марста және басқа аспан денелерінде биосигнатураларды анықтау үшін маңызды», – деді профессор Онак.
Марсты зерттеудегі болашағы
Марстағы лавалық құбырлар да минералдарға бай орта болуы мүмкін және микробтық өмірдің белгілерін сақтаған болуы ықтимал. Бұл Жерден тыс тіршілік туралы көбірек білуге жол ашуы мүмкін. Алдағы айларда зерттеу тобы Лансаротедегі лавалық құбырлар бойынша қосымша мәліметтер жариялап, Исландияда жаңадан пайда болған лавалық құбырларды зерттеуді жоспарлап отыр. Бұл зерттеу ғарыштық миссиялар аясында Марсты өмір сүруге жарамдылық тұрғысынан зерттеуге, сондай-ақ басқа планеталарды зерттеу стратегияларын қайта қарауға негіз болмақ.
Назым МАЛИККЫЗЫ