Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген мемлекеттік тіл. Алайда, бүгінде мемлекеттік тіл ресми кеңсе құжаттарында, іс жүргізу мен басқару саласындакеңінен қолданылады деп айтуға әлі ерте. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болса да, іс жүзінде аударма тілі ретінде, орыс тілінің көлеңкесінде қалып отыр. Бұл – егемен елдің тіл саясатына кері әсерін тигізетін күрделі әрі өзекті мәселе.
Құжаттардың мазмұны алдымен орыс тілінде жазылып, кейін қазақ тіліне аударылады. Мұндай тәжірибе нәтижесінде қазақ тілінің табиғи құрылымы мен сөйлем құрылысы бұрмаланып, калька аударманың кеңінен етек жаюына әкеп соқты. Қазіргі ресми мәтіндерде жиі кездесетін «ағымдағы жылы», «өтініш білдіремін», «сұрақ қою»,«болыптабылады» тәрізді тіркестер – орыс тілінен тікелей тәржімаланған құрылымдар. Мұндай сөз орамдары қазақ тілінің синтаксисіне және мағыналық жағынан дәлдігіне сай келмейді.
Іс жүргізу – мемлекеттік тілдің нақты қолданылатын саласы. Егер бұл салада қазақ тіліне шынайы басымдық берілмесе, ол тек көмекші, аударма тілі ретінде қала береді. Сондықтан ресми жазбалар алдымен қазақ тілінде әзірленіп, кейінбасқа тілдерге аударылуы тиіс. Мәтіннің мазмұны, стилистикасы мен құрылымы қазақ тілінің нормаларына сай болуы тиіс.
Осы орайда, түйіткілді мәселені шешу үшін бірнеше нақты ұсынысты атап өтуге болады:
- — Іс жүргізу тілінің қазақы үлгісін қалыптастыру
Орыс тілінен тікелей аударылған сөз тіркестерінен арылып, қазақ тілінің табиғи, мағыналық жағынан дәл, стильдік жағынан таза құрылымдарын қолдану қажет. - — Құжаттарды алдымен мемлекеттік тілде әзірлеуді міндеттеу
Бұл мемлекеттік тілдің мәртебесін нақты іспен көрсетудің басты шарты болуы тиіс. - — Мамандардың тілдік құзыретін арттыру
Іс жүргізушілер, аудармашылар мен редакторлар үшін арнайы оқыту курстары мен семинарлар жүйелі түрде ұйымдастырылуы керек. Салалық терминологияны меңгертуге баса назар аудару қажет. - — Тіл мәдениетін қалыптастыру
Мемлекеттік қызметкер үшін қазақ тілінде сауатты сөйлеу мен жазу – тек міндет емес, кәсіби этика мен жауапкершіліктің бір бөлігі болуы қажет.
Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте беделін арттыру үшін тек заңдық талаптар жеткіліксіз. Ол үшін тіл саясаты нақты іс-шаралармен, жүйелі әдістемемен, саяси және әлеуметтік қолдаумен бекітілуі керек.
Қазақ тілін аударма құралы емес, басқару тілінеайналдыру – бұл тек тіл мамандарының немесе мемлекеттік қызметкерлердің емес, барша қоғамның ортақ міндеті. Мемлекеттік тілдің мерейі – елдің мерейі. Сондықтан оны нақты өмірде, нақты қызметте, ресми кеңсе мен құжат айналымында басты орынға шығару – бүгінгі күннің талабы.
Мөлдір Қуандық