Жаңалықтар

АМЕРИКАҒА АПАРАР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ

Абай облысының үш студенті АҚШ-қа тегін білім сапарымен аттанады. Осындай мүмкіндікке ие болу үшін олар жасанды интеллектті меңгеруге бағытталған «ASSYL AI» жобасында жеңіске жетті.

«ASSYL AI» – жасанды интеллект (AI) негіздерін тегін үйрететін курстар жиынтығы мен хакатон. Елімізде алғаш рет өткізіліп жатқан бұл іс-шара Абай облысынан бастау алды. Оған қатаң іріктеуден өткен өңірдің үздік 100 студенті қатысты. Олар екі ай бойы AI саласының негізгі ұғымдарына терең үңіліп, оқу соңында алған білімдерін нақты жобаларға айналдырып, Hackathon сайысында бақ сынады.

Жүзден жүйрік шыққан үш үздік команда қомақты қаржылай сыйақыға ие болды. Атап айтқанда, үшінші орынды иеленген «SHE WOLVES» командасы – 300 мың теңге, екінші орындағы «ONEMED» – 500 мың теңге ұтып алды. Ал бас жүлде мен бірінші орынды «ALGA» тобы жеңіп алды.

Енді олар АҚШ-қа білім сапарымен аттанып, Бостон қаласындағы әлемнің жетекші университеттері – Harvard, MIT және т.б. оқу орындарының табалдырығын аттайды. Сондай-ақ олар Apple, Google және Microsoft сияқты әлемдік деңгейдегі технологиялық корпорацияларды аралайды. Ұшақ билеттері, тұру, тамақтану және виза рәсімдеуге кететін барлық шығындар ұйымдастырушылар тарапынан толықтай қаржыландырылады.

«ASSYL AI» – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен ASSYLTAS қоғамдық қорының демеушілігімен жүзеге асты. Жобаның негізгі мақсаты – жастарды жасанды интеллект, стартап мәдениеті және заманауи технологиялармен жұмыс істеу дағдыларымен қаруландыру. Барлық қатысушылар арнайы сертификаттармен марапатталып, ерекше сыйлықтарға ие болды.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру