ӘлемБасты ақпаратҒылыми мақалаларДенсаулықЖаңалықтарМүмкіндікТехнология

Жүрек аритмиясы ауыз қуысындағы бактериямен байланысты ма?

Хиросима университетінің зерттеуі пародонтоз бен жүрек ауруының арасындағы байланысты дәлелдеді. Ауыз қуысындағы гигиенаны сақтау тек тістердің саулығын емес, жүрек ырғағының тұрақтылығын қамтамасыз етуі мүмкін. Хиросима университетінің (Жапония) ғалымдары жүргізген жаңа зерттеу нәтижесі бойынша, пародонтоздың негізгі қоздырғышы — Porphyromonas gingivalis (P. gingivalis) бактериясы қан айналымы арқылы жүрекке жетіп, жүрек тіндерінде фиброз (тыртықты тін) туындатып, жүрек ырғағын бұзуы ықтимал.

Ғылыми дәлелдер не дейді?

Пародонтоздың жүрек-қантамыр ауруларымен байланысы бұрыннан белгілі. Жаңа зерттеу бұл байланысты молекулалық деңгейде дәлелдеуге бағытталған. Ғалымдар P. gingivalis-пен жұқтырылған зертханалық тышқандарда 18 апта ішінде жүрек ырғағының бұзылуы алты есе жиі кездесетінін анықтады. Сондай-ақ олардың жүрек тіндерінде фиброз деңгейі бақылау тобымен салыстырғанда едәуір жоғары болған (21,9% қарсы 16,3%). Бактерия жүрекке тікелей жетіп, сол жақ жүрекшеге орнығып, тіндердің қатайып, электр өткізгіштігінің бұзылуына себеп болған. Генетикалық талдаулар жүрек тінінде нақты осы P. gingivalis штаммының бар екенін растады.

Адамдарда да осындай үрдіс байқалды
Зерттеушілер жүрекшелік аритмия диагнозымен жүрек операциясын өткерген 68 пациенттің тіндерін зерттеген. Ауыр пародонтозға шалдыққандардың жүрек тіндерінде де P. gingivalis айтарлықтай мөлшерде анықталған.

Иммундық жүйеден жасырынып, жасуша ішінде тіршілік етеді
Бұрынғы зерттеулер P. gingivalis-тің жасуша ішіне еніп, иммундық жауаптан жасырыну қабілетін көрсеткен. Бұл оның қабыну туындату және тіндерге зиян келтіру қабілетін арттырады. Сонымен қатар бактерия фиброз биомаркері саналатын галектин-3 деңгейін және қабынуға жауап беретін Tgfb1 генінің белсенділігін арттырған.

Алдын алу
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, тіс пен қызыл иек гигиенасын сақтау тек стоматологиялық емес, кардиологиялық денсаулық үшін де маңызды. Тісті дұрыс тазалау, тіс жібін қолдану және стоматологқа жүйелі қаралу — жүрек ырғағын сақтау жолындағы маңызды қадамдар.

Ғылыми ынтымақтастық кеңейіп жатыр
Зерттеу жетекшісі, профессор Миуцуми Мияутидің айтуынша, қазіргі уақытта Хиросима префектурасында медицина мен стоматология арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Команда болашақта бұл модельді бүкіл Жапонияға таратуға ниетті.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру