Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДА АЛҒАШҚЫ АГРОКЛИМАТТЫҚ КӨМІРТЕКТІ ПОЛИГОН АШЫЛДЫ

Жаһандық климаттың өзгеруі және парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі халықаралық міндеттемелер жағдайында көміртекті егіншілік аграрлық секторды дамытудың стратегиялық бағытына айналуда.
ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Мемлекет басшысының климаттық тұрақтылықты қамтамасыз ету және ҚР 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында 2025 жылғы 30 қазанда Қазақстанда алғашқы агроклиматтық көміртекті полигонын – «KAZ AGRO CARBON» ашты. Полигон А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының базасында орналасқан, ал шет елдік серіктес ретінде Ресей ғылым академиясының Аграрлық экология федералдық ғылыми орталығы қатысуда.
Полигон типтік агроландшафттық аумақта орналасып, экожүйелердің жағдайын жыл бойы бақылауға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда топырақтағы көміртегі теңгерімін, CO₂ және CH₄ ағынын өлшейтін камералар мен сенсорлар орнатылған, сондай-ақ температура, ылғалдылық және жауын-шашын көрсеткіштерін тіркейтін метеорологиялық бекеттер жұмыс істейді.
Сараптамалық бағалаулар бойынша Қазақстанда көміртекті секвестрлеу әлеуеті жылына 535 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін. Көміртекті офсеттер саудасы жыл сайын ел экономикасына 25 млрд долларға дейін тартуға мүмкіндік береді, бұл орнықты даму мен экономикалық әлеуетті нығайту үшін жаңа перспективалар ашады. Полигон фермерлер үшін тәжірибелік алаңға айналып, олар жиналған көміртегіні сертификаттау және көміртегі квоталау жүйесіне қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл Қазақстанның көміртегі квоталары нарығына ресми түрде шығуына және экологиялық нәтижелерді нақты экономикалық табысқа айналдыруға жол ашады.
Көміртекті полигонының ашылу аясында көміртекті егіншілікті дамытудағы негізгі сын-қатерлер мен полигон жұмысының басым бағыттары талқыланған көшпелі кеңес өткізілді.
Өз сөзінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Қ. Күрішбаев келесіні атап өтті: «Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу – Қазақстан үшін стратегиялық басымдық әрі климаттық мақсаттарды жүзеге асырудың басты бағыты. Біздің елімізде топырақ пен биомассада көміртегіні жинақтау әлеуеті зор. Кең жайылымдар мен игерілмеген жерлерді қалпына келтіріп, оларды тиімді көміртегі қоймасы ретінде пайдалануға болады.
Осы тұрғыда Ресей ғылым академиясының Аграрлық экология федералдық ғылыми орталығымен бірлесіп құрылған бұл карбон полигоны азық-түлік қауіпсіздігі міндеттерін ұлттық климаттық стратегия мақсаттарымен біріктіруге мүмкіндік береді. «Kaz Agro Carbon» карбон полигоны – көміртегі теңгерімі мен парниктік газдарды өлшеу, модельдеу, болжау және басқару бойынша бірегей ғылыми-тәжірибелік база әрі тиімді алаң болады. Екі елдің ғалымдары ауыл шаруашылығы экожүйелерінде парниктік газдар шығарындыларын азайту және көмірқышқыл газын сіңіру технологияларын әзірлеп, сынақтан өткізеді. Полигон Қазақстанда ашық мониторинг пен сертификаттау деректеріне негізделген көміртегі бірліктері нарығын қалыптастыруға мүмкіндік беріп, ішкі сауданы дамыту мен халықаралық климаттық механизмдерге интеграцияланудың негізін қалайды.
Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін Полигон экологиялық және экономикалық артықшылықтарды біріктіретін маңызды құрал болмақ. Ол оларға ғылыми зерттеулер мен сынақтардың нәтижелерін нақты өндірістік жағдайларда қолдануға, жиналған көміртегіні сертификаттау жүйесіне және квоталау механизмдеріне қатысып, көміртегі несиелері мен қосымша табыс алуға мүмкіндік береді.
Көміртекті егіншілікті табысты дамыту үшін Қазақстанда агроэкожүйелердегі көміртегіні басқарудың жүйелі моделі қажет. Осы бағыттың маңыздылығын мойындай отырып, Академия ұзақ мерзімді ғылыми-техникалық бағдарламаға арналған «Карбонды егіншіліктегі топырақ көміртегін және парниктік газдарды басқарудың кешенді және интеграцияланған тәсілдері: топырақ құнарлылығын арттыру және аграрлық сектордың климаттық тұрақтылығын қамтамасыз ету стратегиясы» атты техникалық тапсырма жобасын әзірледі».
Ресейлік әріптестер екі ел арасындағы көміртекті полигонын ашу жөніндегі келісімдердің маңыздылығын және оны іске асырудың нақты қадамдарын жоғары бағалады. Бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы бірлескен ғылыми-зерттеу, климаттық және агротехнологиялық бастамаларды дамытуға жаңа серпін береді.
Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Қ. Күрішбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар Вице-министрі Ошурбаев М.Т., Ресей Федерациясы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылыми-технологиялық даму саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Шашкин А.П., Ресей ғылым академиясының вице-президенті, академик П.А. Чекмарёв, РФ АШМ-нің ҚР-дағы өкілі, Ресей Федерациясының ҚР-дағы Елшілігінің кеңесшісі Д.П. Десов, ҰАББО Басқарма Төрағасы Асанов БК., РҒА Аграрлық экология федералдық ғылыми орталығының директоры А.И. Беляев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері, ФАО сарапшылары, Г.В. Лейбниц атындағы Ганновер университетінің Топырақтану институтының ғалымдары, ғылыми және білім беру ұйымдарының басшылары, бизнес өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар мен фермерлер қатысты.
Күтілетін нәтиже – Полигон Қазақстанда көміртегі бірліктерін сертификаттау және квоталау жүйесін дамытудағы негізгі орталыққа айналып, көміртегі нарығын қалыптастыру және халықаралық климаттық жобаларды бірлесіп іске асыру бағытында практикалық ынтымақтастық алаңы болмақ.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру