Астананың 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Мемлекет тарихы институты мен Астана қаласының мемлекеттік мұрағаты ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.
Меморандумның мақсаты архивтегі Тәуелсіз Қазақстан тарихына қатысты құжаттарды зерттеу құжаттарында кеңінен пайдалану.
Меморандум аясында «Тарих сыры – архив деректерінде» атты бірлескен жоба іске қосылды. Жобаның мақсаты – қазіргі заман тарихын архив деректері негізінде кешенді сүйемелдеу.
Бұл жөнінде Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов: «Архивпен тек тарихшылар қауымы ғана жұмыс жасамауы керек. Кез-келген азаматқа немесе мекемеге өзіне қатысты құнды құжаттар қолжетімді болуы маңызды. Өйткені, бірегей дерек көздері азаматтардың ортақ сана-сезімін, мәдениетін арттырады, адамның күнделікті өміріне әсер етеді. Осылайша, әрбір мекеменің, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарының, білім-ғылым және өнер мен мәдениет ұйымдарының ресми сайттарында «Отан тарихы» айдарын ашу қажеттілігі туындайды. Аталған бөлімде тарихи құжаттарды цифрландыру мен атаулы тарихи күндеріміз ескеріліп, соның ішінде әр мекеменің тарихы туралы ақпарат болуы маңызды. Бұл мәселеге уақыт өте келе ұйымдар саналы түрде қадам жасайды деп сенемін», – деп өз пікірін білдірді.
Бүгінде Астананың идеялық топтастырушы рөлі артып келеді, сондықтан да қала тарихын жаңа бағытта зерттеуді қажет етеді.