Йель университеті жетекшілік еткен астрономдар тобы жарық қарқындылығы күрт артып және төмендейтін квазарды анықтады. Бұл жаңалық ерте Ғаламдағы кейбір нысандардың қалайша өте жылдам өскенін түсіндіруге көмектесуі мүмкін, деп мәлімдеді Американың астрономиялық қоғамының қысқы отырысында жарияланды.
«Бұл зерттеуде біз бұл квазардың, ең алдымен, Жерге бағытталған ағынмен (жарық шоғырымен) байланысқан аса ауыр қара құрдым екенін және оны Ғаламның алғашқы миллиард жылында көріп отырғанымызды анықтадық», – деді Йель университетінің астрофизика докторанты әрі зерттеудің жетекші авторы Леа Маркотулли.
Квазалар – Ғаламдағы ең ежелгі әрі ең жарқын нысандардың бірі. Олар белсенді галактикалық ядролардан (AGN) – қара құрдым заттарды өзіне тартатын галактикалардың орталық аймақтарынан пайда болады. Квазалар радио, инфрақызыл, көрінетін жарық, ультракүлгін, рентген және гамма сәулелері секілді электромагниттік сәулелерді шығарады. Бұл «көріну» квазаларды ғарыш құрылымын және оның эволюциясын зерттеуде маңызды құрал етеді. Мысалы, астрономдар квазаларды зерттеу арқылы қайта иондалу дәуірін (реионизация) – Үлкен Жарылыстан кейінгі алғашқы миллиард жыл ішінде электрлік бейтарап сутегі атомдарының иондалып, жұлдыздардың алғашқы буынының Ғаламды жарықтандырған кезеңін зерттейді.
«Қайта иондалу дәуірі – Ғаламның қараңғы дәуірінің соңы деп есептеледі. Қайта иондалудың нақты уақыты мен оған жауапты нысандардың түрлері әлі де талқыланып жатыр. Бұл үдерістің ықтимал себептерінің бірі – аса ауыр қара құрдымдардың белсенді аккрециясы», – деді зерттеу авторларының бірі, Томас Коннор.
Зерттеушілер NuSTAR телескопының J1429+5447 деп аталатын алыс квазарға қатысты бақылауларын Чандра рентген телескопымен төрт ай бұрын жүргізілген бақылаулармен салыстырды. Олар квазардың рентген сәулелерінің қарқындылығы осы қысқа уақыт ішінде екі есе артқанын анықтады (релятивистік әсерлерге байланысты Жердегі төрт ай квазар үшін небәрі екі аптаға тең).
«Рентген сәулесінің мұндай деңгейде қарқындылығы мен жылдамдығының өзгеруі өте ерекше құбылыс. Бұл, ең алдымен, бізге қарай бағытталған жарық шоғырына байланысты болуы мүмкін. Бұл шоғыр миллиондаған жарық жылы қашықтыққа дейінгі бөлшектерді аса ауыр қара құрдымнан тасымалдайды. Шоғырдың жарық жылдамдығына жақын қозғалысы Эйнштейннің арнайы салыстырмалылық теориясының әсерінен өзгерістерді жылдамдатып, күшейтеді», – деді зерттеу авторы, Йель университетінің профессоры Мег Урри.
Ғалымдар бұл нәтижелер астрономдарға қайта иондалуды зерттеу үшін маңызды әрі қажетті ақпарат беретінін айтты. Бұл сонымен қатар ерте Ғаламдағы басқа да аса ауыр қара құрдымдарды табуға көмектесуі мүмкін.
«Бұл зерттеу нысандардың қалайша осындай қысқа уақытта осыншалықты үлкен болғанын және олардың жарық шоғырларының механизмімен қандай байланысы бар екенін түсінуге мүмкіндік береді», – деді Маркотулли.
Айта кетелігі, зерттеу НАСА тарапынан қолдау тапты.