2025 жылғы 21 тамызда Ақмола облысында еріктілер қозғалысын дамытуға арналған аймақтық жобаның екінші күні «TAZA AQMOLA» атты экологиялық акциямен жалғасты. Шараға қатысушылар өңір аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоғамға қоршаған ортаны қорғаудың және табиғатты аялаудың маңыздылығын көрсетті.
Акция барысында волонтерлер табиғат аймақтарында сенбілік ұйымдастырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосты. Бұл бастама жастардың тек әлеуметтік емес, сонымен бірге экологиялық жауапкершілікті де өз мойнына алуға дайын екенін дәлелдеді.
Үздіктерді марапаттау
Акциядан кейін өңірде қоғамға үлес қосқан үздік еріктілер мен ұйымдарды марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздар келесі аталымдар бойынша анықталды:
- Saulyq – медициналық және донорлық волонтерлік қызмет;
- Bilim – білім
беру және ағартушылық бастамалар;
- Sabaqtastyq – тәлімгерлік пен жас буынға қолдау;
- Qamqor – әлеуметтік көмек көрсету;
- Taza Álem – экологиялық жобалар;
- Umit – инклюзивті волонтерлік бастамалар;
- Корпоративтік волонтерлік – ұжымдық бастамаларды ұйымдастыру;
- Asyl Mura – тарихи-мәдени мұраны сақтау.
Бұл марапаттар – волонтерлердің қоғам дамуына қосқан еңбегін мойындаудың нақты дәлелі болды.
Жобаның екінші күні жастардың табиғатқа деген қамқорлығын арттырып қана қоймай, өңірде экологиялық мәдениетті дамытуға серпін берді. Сонымен бірге марапаттау рәсімі еріктілер еңбегінің бағаланатынын және олардың бастамаларына қоғам тарапынан қолдау бар екенін көрсетті.