Деннің саулығы дұрыс тамақтанудан басталатыны белгілі. Қазіргі небір фастфудтардың белең алып тұрған кезінде асқазан жұмысының бұзылуы, артық салмақ сияқты басқа да көптеген аурулар балалар арасында жиі кездесуде. Оның ішінде кейбір тамақтың құрамындағы заттар патологиялық жағдайларға да әкеліп жатады. Балаларды дұрыс тамақтандыру қай елде болмасын басты мақсат. Сондықтан С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары ет өнеркәсібінің дәстүрлі емес шикізаттарынан балалар тағамдарына арналған ет өнімдерінің технологиясын жасау бойынша өз жобаларын қолға алып отыр.
Мамандар балалардың ұтымды тамақтануын ұйымдастыруда биологиялық тұрғыдан толыққанды өнімдер маңызды рөл атқаратынын, оларды тек өнеркәсіптік өндіріс жағдайында жасауға болатынын алға тартады. Түйе шаруашылығы мен ешкі шаруашылығының келешегінің зор екенін ескеріп, түйе, ешкі етінен жасалған ет өнімдерінің өнеркәсіптік өндірісі саласында бұрын пайдаланылмаған жаңа бағытты зерттеуде. Қазіргі таңда ешкі, түйе етінің майсыз гипоаллергенді етін балалар тағамында пайдалану арта түскен. Диеталық қасиеттері әрі тағамдық және биологиялық құндылығы жоғары түйе мен ешкі етінен балалар тағамы үшін ет өнімдерінің технологиясын жасау орынды.
Ғылыми жоба барысында ет шикізатының (түйе еті, ешкі еті) отандық дәстүрлі емес түрлерін пайдалану жағдайына, келешегіне баға беріліп, ұшаның жекелеген бөліктерінің морфологиялық және химиялық құрамын зерттеу негізінде түйе еті мен ешкі етін мүшелеудің ұтымды технологиялық схемасы әзірленбек. Бұдан бөлек жануардың жасына, тұқымына және салмақтық кондициясына байланысты түйе еті мен ешкі етінің тағамдық және биологиялық құндылығы, технологиялық, микроқұрылымдық көрсеткіштері анықталады, биологиялық белсенді заттармен байыта отырып, сондай-ақ дәстүрлі тәсілмен түйе еті мен ешкі етінен балалар тағамы үшін ет өнімдерін өндіру технологиясы әзірленетін болады. Шикізаттың құрамы, қасиеттері және ет өнімдерінің белгіленген сапалық көрсеткіштерінің қалыптасу заңдылықтары, оларды тоңазытып өңдеу және сақтау әдістері, ет өнімдерін өндіру және сақтау процесінде биохимиялық, микробиологиялық және реологиялық өзгерістер анықталады. Ғалымдар түйе еті мен ешкі етінен өнімдер (диеталық шұжық өнімдері, паштеттер) өндіру бойынша технологиялық желі әзірлеуді жоспарлап отыр.
Қазіргі уақытта біздің елімізде түйе мен ешкінің бас саны жыл сайын артып келеді. 2021 жылдың қаңтардағы жағдай бойынша көрсеткіштер сәйкесінше 256 мың және 3 млн 93 мың басты құрайды. Союға 8 мың тоннадан астам ешкі және 4 мың тонна түйе еті өткізілді. Қазақстан Республикасы ЕАЭО елдерінен басқа шетелге экспортталған қой мен ешкі еті бойынша 91,9% құрап, одақ ішінде көшбасшы позицияларына ие. Атап айтқанда, БАӘ-ге ,4 млн-ға, Өзбекстанға ,6 млн-ға, Иранға 2 мыңға экспортталады. 2003 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін түйе мен ешкі шаруашылығының даму көрсеткіштері екі есе артты, сондай-ақ тұтынушылардың салауатты тамақтануға деген қызығушылығының артқанын ескере отырып, нарықтың осы сегментін дамыту үшін қолайлы жағдайлар қалыптасып келеді. Елімізде түйе мен ешкі басының жыл сайынғы өсімі тиісінше 6,6% және 7,1% — ды құрады. Осыған байланысты, мамандар 2050 жылға қарай түйе басы 491,5 мың, ешкі басы 6 млн 278 мыңға, түйе еті 7,8 мың тонна, ешкі еті өндірісі 17,1 мың тоннаға дейін жетеді деп болжауда.