Жаңалықтар

Еріктілер – қоғамның жүрегі, болашақтың тірегі

2025 жылғы 20–21 тамыз күндері Ақмола облысында жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, еріктілік мәдениетін дамытуға бағытталған екі күндік аймақтық жоба ұйымдастырылды. «Еріктілер – қоғамның жүрегі, болашақтың тірегі» атты іс-шара Ақмола облысы білім басқармасына қарасты жыл бойы балалар сауықтыру лагерінің базасында өтті.

Жобаның негізгі мақсаты – өңір жастары арасында еріктілік құндылықтарын дәріптеу, әлеуметтік бастамаларды қолдау және тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыру болды. Ауқымды шараға облыстың барлық аудандарынан келген еріктілер, жастар ресурстық орталықтарының мамандары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Жобаның ашылу салтанатында Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Кенжебаев Сабырхан Мейірханұлы және Волонтерлерді қолдау орталығы фронт-кеңсесінің басшысы Хамзин Дидар Ахметұлы құттықтау сөз сөйлеп, жастарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды.

Жобаның алғашқы күнінде еріктілік қызметін жетілдіруге арналған оқыту семинарлары өтті. Спикерлер қатарында:

  • Миронюк Татьяна, «Ұлттық волонтерлік желі» ҮЕҰ директоры;
  • Досымбетов Айбек, «Ұлттық волонтерлік желі» ҮЕҰ атқарушы директоры;
  • Жағупар Даниал, esirtkisiz.aqmola фронт-офисінің басшысы;
  • Бекишев Сұлтанбек, «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы болды.

Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, еріктілер қозғалысын жүйелі түрде ұйымдастырудың заманауи тәсілдері, әлеуметтік жобаларды тиімді жүзеге асыру тетіктері, сондай-ақ жаңа әдістемелер мен құралдар жайында ой қозғады. Қатысушылар топтық жұмысқа, пікірталас алаңдарына белсене қатысып, өңірде еріктілікті дамытуға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды.

Аймақтық жобаның қорытындысында қатысушылар алған білімдері мен тәжірибесін өңірдегі әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға жұмсауға ниетті екенін білдірді. Бұл басқосу Ақмола облысында еріктілер қозғалысының дамуына тың серпін беріп қана қоймай, жастардың жаңа идеяларына жол ашты.

Жастардың белсенділігі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі – болашақ Қазақстанның мықты тірегі екені тағы бір мәрте айқындалды.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру