Соңғы жылдары Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі елді ірі академиялық және зерттеу орталығына айналдыру үшін белсенді жұмыс атқарып келеді. Осы жолдағы маңызды қадамдардың бірі – әлемнің жетекші университеттерін тарту болды. Министр Саясат Нұрбектің айтуынша, соңғы екі жылда шетелдің 33 ірі зерттеу университеті Қазақстанда өз кампустарын ашты.
Солардың ішінде ең елеулі жетістіктердің бірі – беделді Russell Group құрамына кіретін, QS World University Rankings пен Times Higher Education рейтингтерінде жоғары орын алатын Ұлыбританияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі Кардифф университетімен ынтымақтастық орнату болды.
2025 жылғы қыркүйекте Астанада 2000-нан астам студентке арналған Cardiff University Kazakhstan толыққанды кампусы ашылды. Бұл Қазақстанда бас университеттің тікелей басқаруымен жұмыс істейтін алғашқы беделді университеттер Рассел тобына кіретін шетелдік филиал болып табылады. Кампус академиялық үздіксіздіктің, ғылыми зерттеулердің және халықаралық жобалардың орталығына айналып, Кардифф университетінің үздік профессорларын, сондай-ақ Қазақстан мен шетелден келген дарынды студенттерді тартады.
Астана қаласының әкімдігі кампус құрылысына 20 гектар жер бөлді. Университеттің таныстырылымдарында студенттердің заманауи жабдықтар мен инновациялық оқу бағдарламаларына қол жеткізіп, жылдам дамып келе жатқан салаларда табысқа жетуіне кең мүмкіндіктер ашылатыны айтылды. Бұл көзқарас Алматыда өткен кездесуде де көрсетілді, онда талапкерлер мен ата-аналарға оқу бағдарламалары мен қабылдау шарттарын Cardiff University Kazakhstan-ның академиялық істер жөніндегі вице-провосты, доктор Талғат Жүсіпбек таныстырды. Оның айтуынша, «Трансұлттық білім беру (TNE) – Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік. Ол біздің студенттерге өз елінде отырып-ақ әлемдік деңгейдегі білім алуға жол ашады, жаңа идеялар мен инновацияларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай әріптестіктер Қазақстанның адами капиталын күшейтіп, халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сонымен қатар, TNE елімізде білім туризмін дамытып, экономикалық өсімге ықпал етеді».
Филиал 2025 жылы STEM (ғылым, технология, инженерия, математика) және Бизнес бағыттарына бейімделген Foundation бағдарламасымен жұмысын бастады. Осы бағдарлама аясында студенттер төрт негізгі мамандық бойынша бакалавриатқа жалғастыра алады: Компьютерлік ғылымдар, Бизнесті басқару, Азаматтық құрылыс және Геология мен пайдалы қазбаларды барлау. Дәстүрлі төрт жылдық модель қолданылады: 1 жыл Foundation + 3 жыл бакалавриат. Сабақтар толықтай ағылшын тілінде жүргізіледі және оқытушылар Кардифф университетінің профессор-оқытушылар құрамынан тұрады.
Оқу Астанада өтсе де, академиялық мобильдік мүмкіндіктері арқылы студенттер Кардиффтің негізгі кампусында білім ала алады. Қазақстанның басқа өңірлерінен және шетелден келген студенттерге жайлы жатақхана ұсынылады.
Foundation бағдарламасына қабылдау талаптары: IELTS нәтижесі кемінде 5.5 (әр компонент бойынша 5.0-ден төмен емес), GPA 5.0 жүйесі бойынша кемінде 4.0 және математика пәнінен 4-тен төмен емес баға. Мемлекеттік грантқа түсу үшін талапкерлер ҰБТ нәтижелерін тапсырады. 2025–2026 оқу жылында Қазақстан Үкіметі Cardiff University Kazakhstan студенттерін қолдау үшін 300 мемлекеттік грант бөлді.
Көптеген талапкерлер үшін Cardiff University Kazakhstan-ға түсу – Қазақстанда қалып, әлемдік деңгейдегі білім алудың бірегей мүмкіндігі. QS халықаралық рейтингінде Кардифф университеті әлемдік үздік 200 университеттің қатарында 181-орында тұр. Ол өнер және гуманитарлық ғылымдар, инженерия және технологиялар, биомедициналық ғылымдар, жаратылыстану ғылымдары, әлеуметтік ғылымдар және менеджмент бағыттарында жоғары көрсеткішке ие. Жекелеген мамандықтар бойынша әлемдік рейтингте ағашқы 10-дықта орын алатыны қуантарлық жағдай. Зерттеулердің бай тәжірибесі мен маңызды әлеуметтік өзгерістер тарихына сүйене отырып, Кардифф университеті Қазақстанда да студенттердің табысқа жетуіне жағдай жасайтын заманауи оқу ортасын қалыптастыратынына сенімдіміз.
Гүлжан БОЛАТОВА