Жаңа зерттеу көрсеткендей, ойлау дағдыларын жиі пайдалануды талап ететін жұмыстар, мысалы, такси немесе ауруханаға тез жету үшін маршрутты жоспарлау, Альцгеймер ауруынан болатын өлім көрсеткішін төмендетуі мүмкін, деп хабарлайды Mass General Brigham зерттеушілері.
Осы гипотезаны тексеру үшін қайтыс болған адамдардың мамандықтарына қатысты ұлттық деректерді талдап, 443 түрлі мамандық бойынша Альцгеймерден өлім қаупін бағалады. Зерттеу нәтижелері такси мен жедел жәрдем жүргізушілері басқа мамандықтарға қарағанда Альцгеймер ауруынан аз қайтыс болатынын көрсетті.
«Миымыздағы кеңістіктік ойлау карталарын қалыптастыруға жауапты бөлігі Альцгеймер ауруының дамуына да әсер етеді. Такси немесе жедел жәрдем жүргізушілері сияқты мамандықтар нақты уақыттағы кеңістіктік және навигациялық өңдеуді қажет етеді, бұл оларды Альцгеймерден өлім-жітім көрсеткіші төмен мамандықтар қатарына жатқызуы мүмкін», — деп түсіндірді зерттеу жетекшіСІ, хирург-дәрігер Вишал Патель.
2020 жылдың 1 қаңтарынан 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта АҚШ-та 443 түрлі мамандық өкілдері арасындағы өлім көрсеткіштерін талдады. Олар адамның көп жылдар бойы айналысқан мамандығын, сондай-ақ әлеуметтік-демографиялық деректерді (жасы, жынысы, нәсілі, ұлты, білімі) ескерді.
Зерттеуге 9 миллионға жуық адам қатысты, олардың 3,88%-ы (348 328 адам) Альцгеймерден қайтыс болған. Ал такси жүргізушілерінің арасында бұл көрсеткіш 1,03% (16 658 адамның 171-і), ал жедел жәрдем жүргізушілері арасында 0,74% (1348 адамның 10-ы) болған. Деректерді түзетуден кейін де жедел жәрдем жүргізушілерінде (0,91%) және такси жүргізушілерінде (1,03%) Альцгеймерден өлім-жітім деңгейі барлық басқа мамандықтарға қарағанда ең төмен болып шықты.
Айта кету керек, бұл үрдіс автобус жүргізушілері (3,11%) немесе ұшқыштар (4,57%) сияқты алдын ала бекітілген маршруттарды пайдаланатын көлік жүргізушілері арасында байқалмаған. Сондай-ақ бұл құбылыс басқа деменция түрлеріне де қатысты болмаған.
«Бұл нәтижелер такси мен жедел жәрдем жүргізушілерінің гиппокамп немесе басқа ми құрылымдарындағы неврологиялық өзгерістерінің Альцгеймер ауруының төмен көрсеткіштерімен байланысты болуы мүмкін екенін көрсетеді», деді зерттеуші, Массачусетс жалпы ауруханасының дәрігері Анупам Б. Йена.
«Біз бұл нәтижелерді нақты дәлелденген тұжырымдар ретінде емес, жаңа гипотезаларды қалыптастырудың негізі ретінде қарастырамыз. Алайда бұл мамандықтардың Альцгеймерден өлім қаупіне қалай әсер ететінін және когнитивтік белсенділіктің қандай да бір түрлері алдын алу шарасы бола алатынын зерттеудің маңыздылығын көрсетеді», — деді Йена.