Врие Брюссель университетінің (VUB) климатологтары жүргізген зерттеулер қазіргі жастардың миллиондаған өкілдері бұрын-соңды болмаған климаттық қатерлерге – аптап ыстық, егіннің күйреуі, су тасқыны, қуаңшылық, орман өрттері және тропикалық дауылдар сияқты құбылыстарға тап болатынын көрсетіп отыр. Қазіргі климат саясаты сақталған жағдайда, 2100 жылға қарай ғаламдық температура 3,5°C-қа дейін көтерілсе, 2020 жылы туған балалардың 92 пайызы өмірінде осындай қауіппен бетпе-бет келеді. Бұл – шамамен 111 миллион бала. Ал Париж келісіміндегі 1,5°C деңгейін сақтау 49 миллион баланы мұндай қауіптен сақтай алады.
Бұл – тек бір жылда дүниеге келген балалар ғана. Ал бүгінде 5 пен 18 жас аралығындағы барлық балаларды ескерсек, температура 3,5°C-қа көтерілгенде 1,5 миллиард бала зардап шегуі мүмкін. Ал климаттық жылынуды 1,5°C деңгейінде шектеу – 654 миллион баланы қорғауға мүмкіндік береді. Зерттеу әлеуметтік-экономикалық тұрғыда әлсіз балалардың климаттың экстремалды құбылыстарынан төнетін қауіпке анағұрлым көбірек ұшырайтынын көрсетеді. Балалардың өмірін сақтау үшін парниктік газдар шығарындыларын айтарлықтай қысқарту қажет.
Климаттың өзгеруі – жастарға түсетін әділетсіз салмақ
Аптап ыстық, егіннің азаюы, өзендердің тасуы, тропикалық циклондар, орман өрттері мен қуаңшылық секілді климаттық апаттар атмосфера жылынған сайын жиілей береді. Қазіргі балалар адамзат тарихындағы кез келген буыннан гөрі климаттық дағдарысты көбірек бастан кешіреді.
«2021 жылы біз балалардың әсіресе табысы төмен елдерде климаттық экстремалды оқиғаларға аса қатты ұшырайтынын көрсеттік. Қазір біз адамның өмірінде климаттың өзгеруі болмаса, болмас еді деген деңгейдегі апаттардың жиынтық ықпалын зерттеп отырмыз», – дейді VUB профессоры, климатолог Вим Тьери.
«Бұл жаңа зерттеуде «бұрын-соңды болмаған» деген ұғым – адамның өмір бойы осындай көп климаттық апатқа ұшырау ықтималдығы 10 000-нан 1-ден де төмен болғанын білдіреді», – дейді жетекші автор, климатолог Люк Грант. Бұл шекті көрсеткіш орналасқан аймаққа және климаттық апат түріне байланысты өзгереді.
Ғалымдар Жер бетіндегі әрбір аймақ бойынша демографиялық деректер мен климаттық модельдерді біріктіре отырып, 1960–2020 жылдар аралығында туған ұрпақтардың климаттық апаттарға ұшырау ықтималдығын есептеді.
Адам неғұрлым жас болса, климаттың бұрын-соңды болмаған әсерін сезіну ықтималдығы соғұрлым жоғары. Егер жылыну 1,5°C шегінде тоқтатылса да, 2020 жылы туған балалардың 52 пайызы өмірінде аптап ыстыққа тап болады. Ал бұл көрсеткіш 1960 жылы туғандар үшін небәрі 16 пайыз. Бұл әсіресе 1980 жылдан кейін туғандар үшін өте өзекті – климат сценарийлері осы кезеңнен бастап апат деңгейіне ықпал ете бастады.
«Егер жаһандық жылынуды 1,5°C деңгейінде тұрақтандыра алсақ, қазіргі жастардың шамамен жартысы ғана өмірінде аптап ыстықты басынан кешіреді. Ал жылыну 3,5°C-қа жетсе, 90%-дан астамы осындай климаттық апатқа тап болады», – дейді Грант. Оның айтуынша, басқа климаттық апаттар үшін де осыған ұқсас үлгі байқалады.
Тропикалық елдердегі балалар 1,5°C сценарийінің өзінде ең ауыр жүктемені көтереді. Ал егер парниктік газдар шығарындылары көбейе берсе, әлемнің барлық аймағындағы балалардың болашағы климаттық апаттарға толы болады.
Климаттың әділетсіздігі және әлеуметтік теңсіздік.
Зерттеу климаттың өзгеруімен қатар әлеуметтік әділетсіздіктің де күшейетінін көрсетеді. Қазіргі климат саясаты сақталған жағдайда, 2020 жылы туған ең осал балалардың 95%-ы өмірінде аптап ыстыққа тап болады. Ал ең аз осал топ үшін бұл көрсеткіш 78%. «Тура осы ең осал топ – климаттық апаттардың ең ауыр түріне тап болады. Оларда бейімделу мүмкіндігі мен ресурстары шектеулі», – дейді Тьери.
Климаттық әрекеттің маңыздылығы
COP30 саммиті алдында мемлекеттер климаттық міндеттемелерін жаңартуға тиіс. Қазіргі саясат сақталса, ғасыр соңына дейін жаһандық жылыну шамамен 2,7°C-қа жетеді. Бұл зерттеу мен Save the Children ұйымының баяндамасы климаттық жылынуды 1,5°C деңгейінде ұстаудың маңызын айқын көрсетіп отыр.
Save the Children International ұйымының бас директоры Ингер Ашинг: «Бүкіл әлемде балалар өздері үшін жауапты емес дағдарыстың ауыртпалығын арқалап отыр. Қауіпті аптап денсаулық пен білімге әсер етеді, циклондар мектептер мен үйлерді қиратады, қуаңшылық егінге, яғни күнкөріске зиян келтіреді. Бірақ осы апаттардың арасында балалар бізден үміт үзбеуімізді сұрайды. Бұл зерттеу бізде әлі де үміт бар екенін көрсетеді. Бірақ ол тек батыл әрі жедел әрекет еткенде ғана жүзеге асады – климаттық жылынуды 1,5°C-тан асырмай, балаларды шешімнің өзегіне қоюымыз қажет», – деді.
«Планета 1,5°C шегінен небәрі 0,2°C қана алшақ тұр. Ал жаһандық шығарындылар әлі де артып жатыр. Сондықтан әлем көшбасшылары парниктік газдарды азайту үшін нақты әрекетке көшуі тиіс», – деп түйіндеді Тьери.