ӘлемБасты ақпаратҒажап-LiveҒылым тарихыҒылыми мақалаларЖаңалықтар

Перу: 5000 жыл бұрын өмір сүрген асыл әйелдің құпиясы ашылды

Перуде 3000–1800 жылдар аралығында өмір сүрген жоғары мәртебелі әйелдің жақсы сақталған денесі ежелгі Асперо қаласының қирандыларынан табылды. Бұл қала Перудің батысында, Тынық мұхитынан небәрі 0,7 шақырым жерде орналасқан, деп хабарлады Перу Мәдениет министрлігі.

Әйелдің денесі мақта маталармен, өсімдік талшықтарынан жасалған байламдармен, төсеніштермен және торлы материалдармен оралған. Ерекшелігі — оның терісі, шашы мен тырнақтары жақсы сақталған, ал бұл аймақта көбіне тек сүйектер ғана кездеседі. Әйел қайтыс болған кезде 20 мен 35 жас аралығында болған. Ол түрлі бағалы бұйымдармен бірге жерленген: ара тотықұсының қауырсындарымен кестеленген панель, жасыл және қоңыр моншақтармен безендірілген тукан тұмсығы, амазондық ұлу қабығы, шамамен 30 дана тәтті картоп және балық аулау торы.


Әйелдің нақты кім екені белгісіз, алайда ол жоғары әлеуметтік мәртебеге ие болғанға ұқсайды.Ол Асперода Карал өркениеті гүлденген кезеңде өмір сүрді. Бұл өркениет өзінің ірі қалаларымен танымал болды, олардың ішінде 1300 акр (526 гектар) аумақта орналасқан пирамидалар мен храмдарымен әйгілі Карал (Карал-Супе) қаласы ерекше орын алады. ЮНЕСКО дерегіне сәйкес, Карал мәдениеті аймақта алғаш рет ауқымды қалалық өмір салтын қалыптастырған.
Әйел өмір сүрген кезде Асперода кем дегенде 22 архитектуралық кешен болған. Қала халқы негізінен балық аулау мен саудаға ден қойған. Археологтар Карал өркениетінде әйелдердің де жоғары мәртебеге жете алғанын айтады. 2016 жылы Асперода археологтар тағы бір әйелдің сүйегін тапқан болатын. Ол төрт түйреуішпен (тупу) бірге жерленген — бұлар құстар мен маймылдар бейнесінде ойылған. Бұл әйел «Төрт тупу ханымы» деп аталып кеткен. (Тупу — кечуа тілінде “түйреуіш” дегенді білдіреді.) Археологтардың пікірінше, ол да қоғамның таңдаулы өкілдерінің бірі болған. Бүгінде кечуа тілін Перу, Боливия, Эквадор, Чили, Колумбия мен Аргентина халықтары қолданады.

Карал өркениетінде жазу жүйесі болмағандықтан, ежелгі адамдардың есімдері мен атақтары бізге жетпеген. Сол себепті ғалымдар олардың өмірін археологиялық табылымдар арқылы зерттеуге мәжбүр. Қазір археологтар әйелдің денесін және қабірден табылған бұйымдарды зерттеп, оның денсаулығы, тамақтану салты мен өлім себебі туралы көбірек мәлімет алуға тырысуда. Асперодағы қазба жұмыстары 20 жылдан бері жалғасуда, және болашақта жаңа жаңалықтар ашылады деп күтілуде.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру