Көптеген адамдар қартаюды кешіктіргісі немесе тіпті тоқтатқысы келеді. Бұрын жүргізілген клиникалық зерттеулер калория мөлшерін азайтудың адам ағзасының қартаюын баяулататынын көрсеткен. Сондай-ақ D дәрумені мен омега-3 май қышқылдарын қабылдау жануарларда биологиялық қартаюды бәсеңдетуде оң нәтижелер берген. Алайда бұл тәсілдердің адамдарға да әсер ететіні нақты белгісіз еді, деп мәлімдеді Цюрих университетінің профессоры.
Зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, D дәрумені мен омега-3 май қышқылдары, сондай-ақ тұрақты дене жаттығулары инфекциялар мен құлау қаупін төмендетіп, қатерлі ісіктің алдын алады және әлсіздікті тежейді.
«Бұл қорытындылар бізді осы үш емдеу әдісінің швейцариялық DO-HEALTH қатысушыларының биологиялық қартаюына тікелей әсерін өлшеуге ынталандырды», – дейді Цюрих университетінің гериатрия және геронтология профессоры Бишофф-Феррари.
Биологиялық және хронологиялық жасты өлшеу
Биологиялық қартаюды өлшеудің ғылыми тәсілдерінің бірі – эпигенетикалық сағаттарды қолдану. Олар ДНҚ молекуласындағы химиялық өзгерістерді, атап айтқанда метилденуді тіркейді және биологиялық пен хронологиялық қартаю арасындағы айырмашылықты сандық түрде анықтайды. DO-HEALTH зерттеуі бұл әдістің бағытталған емдеуге қаншалықты сезімтал екенін алғаш рет зерттеді.
Бишофф-Феррари жетекшілігіндегі зерттеушілер тобы, соның ішінде эпигенетикалық сағаттарды жасаған Altos Labs Cambridge (Ұлыбритания) аға зерттеушісі Стив Хорват, 70 жастан асқан 777 адамның биологиялық қартаюына омега-3, D дәрумені және күш жаттығуларының әсерін зерттеді. Үш жыл бойы қатысушылар сегіз түрлі емдеу комбинациясы бойынша зерттелді: олар күн сайын 2000 халықаралық бірлік D дәруменін және 1 грамм омега-3 май қышқылдарын (балдырлардан алынған) қабылдады сонымен қатар аптасына үш рет 30 минуттық үйде күш жаттығуларын жасады.
Биологиялық жас баяулады
Қан сынамаларын талдаған кезде зерттеушілер омега-3 май қышқылдарын қабылдау биологиялық қартаюды төрт айға дейін бәсеңдеткенін анықтады. Бұл әсер жынысына, жасына немесе дене салмағының индексіне қарамастан өз нәтижесін берді. Омега-3, D дәрумені және күш жаттығуларының үйлесімі тіпті күшті әсер берді, әсіресе қолданылған төрт эпигенетикалық сағаттың біріне сәйкес.
DO-HEALTH – тексеру платформасы
Зерттеушілер сонымен қатар зерттеудің шектеулерін атап өтті. «Биологиялық жасты өлшеудің жалпыға ортақ алтын стандарты жоқ. Алайда біз қазіргі уақытта тексерілген және ең озық эпигенетикалық сағаттарды талдадық», – деп түсіндіреді Бишофф-Феррари. Биологиялық сағаттардың клиникалық қолданылуын одан әрі дамыту үшін Бишофф-Феррари мен оның халықаралық әріптестері DO-HEALTH-ті және басқа да интервенциялық зерттеулерді жаңа қартаю биомаркерлерін растау платформасы ретінде пайдалануды жоспарлап отыр. Зерттеушілердің айтуынша, қатысушылар тек Швейцария азаматтарынан тұрды, сондықтан зерттеу 70 жастан асқан қарттардың бүкіл әлемдік популяциясын толық бейнелемейді. Келесі кезеңде олар DO-HEALTH-тің Германия, Франция, Австрия және Португалиядағы қатысушыларының мәліметтерін талдауды жоспарлап отыр, бұл генетикалық және өмір салтының әртүрлілігін кеңірек қамтуға мүмкіндік береді.