Жаңалықтар

Мини футболдан өткен турнир мәресіне жетті

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының «Дүйсенбілік спорт» жобасы аясында орталық стадион жанындағы қосалқы шағын алаңда базар жастары арасында мини футболдан өткен турнир мәресіне жетті. Жарыс қорытындысы бойынша І-орынды «Байсат» базарынан келген «Жібек жолы» командасы иеленіп, 250 мың теңгенің сертификатын олжалады. ІІ-орынды «Саламат» базарының жастары алып, олар 150 мың теңгенің сертификатын қанжығаларына байлады. Үшінші орынды «Қазына» базары мен «Байсат» базарынан келген тағы бір команда өзара бөлісті, әрқайсысы 50 мың теңгенің сертификаттарын еншіледі. Сонымен қатар жеңімпаздар медаль, кубок және ақшалай сыйлықтармен марапатталды..

Жарысқа Алматы қаласындағы базарлардан 16 команда қатысты. «Қырғауылды», «Байсат», «Қазына», «Жұлдыз» базарларынан екі командадан қатысса, «Саламат», «Тастақ», «Алтын орда», «Батыр», «Арлан», «Арасан», «Барыс», «Кенжехан» базарларынан бір-бір командадан қатысты. Тартысты өткен турнирдің жартылай финалына төрт команда шықты. Олар: «Саламат», «Қазына-2» мен «Байсат» командасының «Жібек жолы» және «Қайсар» атты командалары. Ақтық сынға «Жібек жолы» командасы мен «Саламат» командасы шығып, «Жібек жолы» командасының бағы жанып, турнир чемпионы атанды.

Турнирге Сәуле Жарболова бастаған төрешілер бригадасы төрелік жасады. Төрешілер тәртіп бұзған ойыншыларды сары, қызыл қағаздармен жазалап отырды. Сонымен қатар қалалық полиция қызметкерлері турнирдің қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Жүлдегерлерге сертификаттар мен медальдарды жоғары категориялы тренер, жеңіл атлетикадан әлем чемпионының қола жүлдегерін, оннан астам Қазақстан чемпионын дайындаған, футболдан Каспий командасымен бірге Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанған, қазір АКАС футбол клубының тренері Дмитрий Славнов пен журналист Мұхамеджан Әбдібеков табыстады.

Айта кетейік, «Дүйсенбілік спорт» жобасы жыл сайын базар жастары арасында өткізіліп келеді. Бұл жоба аясында спорттың бес түрінен турнир өтеді. Мини футбол чемпионаты солардың алғашқысы. Алдағы уақытта үстел теннисі, волейбол, баскетбол, киберспорттан жарыстар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру