Ғалымдар климаттың өзгеруі ақ аюлардың өміріне тікелей әсер етіп жатқанын дәлелдеді. Батыс Гудзон шығанағында теңіз мұзының азаюы олардың азық табуын қиындатып, популяцияның қысқаруына әкелуде, деп хабарлайды Science журналы.
Торонто университетінің зерттеушілері ақ аюлардың азаюының негізгі себебі энергия тапшылығы екенін анықтады. Яғни аюлар итбалықтарды аз аулайтын болғандықтан, жеткілікті қуат жинай алмайды. Бұл олардың әлсіреуіне, күшіктердің өлім-жітімінің көбеюіне және жалпы популяцияның қысқаруына әкеледі.
Неліктен бұлай болып жатыр?
Ғалымдардың айтуынша, теңіз мұзының көлемі жылдан-жылға азайып келеді. Ақ аюлар үшін бұл өте қауіпті, өйткені олар итбалықтарды мұздың үстінде аулайды. Мұз азайған сайын аңшылық уақыты қысқарады, ал аюлар азықсыз қалады.
Зерттеу нәтижелері бойынша:
- Соңғы 40 жылда Гудзон шығанағындағы ақ аюлар саны 50%-ға азайған.
- Ересек аналықтардың салмағы 39 кг-ға, ал қонжықтарының салмағы 26 кг-ға түскен.
- Қонжықтардың саны да төмендеп жатыр – аналық аюлар азықтың жетіспеушілігінен аз ұрпақ әкеледі.
Қонжықтарға қауіп төніп тұр
Ғалымдар климаттың өзгерісінен ең көп зардап шегетіндер – қонжықтар екенін айтады. Аналық аюлар азық таппағандықтан, олардың сүті азаяды, ал бұл күшіктердің тірі қалу мүмкіндігін төмендетеді. Сонымен қатар аналықтар қонжықтарын ұзақ уақыт қастарында ұстауға мәжбүр, өйткені олар аштықтан әлсіз болады.
Ақ аюларды не күтіп тұр?
Батыс Гудзон шығанағындағы ақ аюлар популяциясы жақсы зерттелген, сондықтан ғалымдар бұл жағдай басқа аймақтарда да қайталануы мүмкін деп дабыл қағуда. Егер теңіз мұзының еруі жалғаса берсе, ақ аюлардың саны одан әрі азаяды дейді.