Өмірдегі кейбір шешімдер соншалықты маңызды, олар адамның болашағына айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, эмиграцияға кету, жұмыстан шығу, ұзақ мерзімді қарым-қатынасты үзу немесе сексуалдық зорлық туралы айту – мұның бәрі адамның өмірін түбегейлі өзгертетін шешімдер. Олар жеке тұлғаның болмысын қалыптастырып, оның өмір жолын болжап болмайтын әрі жиі қайтарымсыз түрде өзгертеді, деді Макс Планк Адамды дамыту институтының зерттеушілері жәнк бұған жаңа негіздемені ұсынды.
Сіз тұрақты жұмысты тастап, жаңа мамандықты игеру үшін немесе барлығын басынан бастау үшін басқа елге көшу туралы шешім қабылдадыңыз деп елестетіңіз. Мұндай шешімдер күнделікті таңдау емес; олар бізді кім екенімізді және кім бола алатынымызды анықтайды. Біреулер үшін бұл шешім ұзақ уақыт жасырын сырын ашуды, өмірді өзгертетін медициналық ем қабылдауды немесе соғысқа ұшыраған туған жерінен қашуды білдіруі мүмкін. Бұл шешімдердің әрқайсысы адамның өмір траекториясын өзгертіп, күтпеген сезімдер мен тәжірибелерге әкелуі мүмкін.
Осы маңызды шешімдер туралы American Psychologist журналында жарық көрген жаңа зерттеу мақалада түсіндіріліп, зерттеудің жаңа әдістері ұсынылды.
«Өмірдегі ең үлкен шешімдерді түсіну үшін көбіне мінез-құлықты зерттейтін ғылымдарын қолданылатын тым қарапайым үлгілерден шығу қажет», – дейді мақала авторы Шахар Хехтлингер.
Зерттеушілер адамның нақты өмірде кездесетін күрделі шешімдерін зерттеуге шақырады. Лабораториялық зерттеулерден алынған әдістерді шынайы өмірде кездесетін жағдайларға бейімдей отырып, зерттеушілер бес негізгі аспектіні анықтады.
Бұл аспектілерге:
1.Қарама-қайшы сигналдар – мысалы, эмиграция қауіпсіздік ұсынады, бірақ жақын адамдарды қалдыру қажеттігін тудырады.
2.Өзгеріс енгізу – шешімдер адамның құндылықтары мен жеке басын өзгерте алады (мысалы, ата-ана болу немесе қарым-қатынасты тоқтату). 3.Белгісіз нәтиже – шешімнің салдары қалай болатыны алдын ала болжау мүмкін емес.
4.Қайтарымсыздық – көптеген шешімдерді, мысалы, ажырасу немесе көші-қон, кейін қайта өзгерту қиын.
5.Тәуекел – мұндай шешімдер физикалық, эмоционалдық, әлеуметтік немесе қаржылық шығындар қаупін қамтиды.
Зерттеушілер сонымен қатар осындай күрделі шешімдерді қабылдауға көмектесетін стратегияларды ұсынды. Мысалы, қарама-қайшы сигналдар болған жағдайда, оң және теріс жақтарды санау арқылы шешім қабылдау ұсынылады. Ал болашақта кім болғысы келетініне сай шешім қабылдау – өзін-өзі дамытуға көмектеседі.
Бұл зерттеу тек жеке тұлғаларға ғана емес, саясаткерлер, кеңесшілер, терапевтер және ұйымдар үшін де пайдалы болуы мүмкін. Мысалы, эмиграция немесе ұзақ мерзімді қамқорлық сияқты мәселелер бойынша саясат жасағанда, мұндай шешімдердің күрделілігін ескеру маңызды.
Зерттеушілер алдағы уақытта бұл құрылымды кеңірек зерттеп, шешім қабылдаудың әртүрлі аспектілерін, соның ішінде психикалық денсаулық пен жеке қасиеттердің рөлін тереңірек қарастыруды жоспарлап отыр.