Фотосурет: nasa.gov сайтынан алынған
Ғарыштық телескоптар Вега жұлдызының айналасындағы симметриялы дискіні қарастырды. Диск астрономдар үшін аса маңызды, себебі ол жас жұлдыздың айналасындағы заттардың қалай таралатыны және планетаның түзілу процесі жайлы тың ақпарат береді. Диск шаң мен газ қабаттарынан тұрады, әрі жұлдыздан белгілі қашықтықта бос аймақтар бар. Ол жерлерде планеталар болуы ықтималдығы бар. NASA-ның «Джеймс Уэбб» және «Хаббл» телескоптары арқылы зерттелген бұл құрылым астрономдарға жаңа жаңалықтарға жол ашты. Вега – Жерден шамамен 25 жарық жылы қашықтықта орналасқан жарқын жұлдыздардың бірі. Диск құрылымында әртүрлі қашықтықта бірнеше қабат байқалады, олардың әрқайсысы газ бен шаңның орнасуымен ерекшеленеді. Зерттеу барысында табылған негізгі жаңалықтардың бірі – диск құрылымындағы белгілі қашықтықта орналасқан бос аймақ. Ғалымдардың болжауынша, бұл бос аймақтың ішінде Нептун көлеміндей планета болуы мүмкін. Бұл идеяны тексеру үшін астрономдар қосымша бақылаулар жүргізуді жоспарлап отыр. Егер планета бар екені расталса, бұл Вега айналасындағы дискілерде планета түзілу үдерісі жүріп жатқанын білдіру ықтималдығы жоғары.
Бұл симметриялы диск құрылымын зерттеу болашақтағы экзопланеталарды анықтауға және жұлдыз айналасындағы заттардың қалайша жиналатынын түсінуге үлкен көмек көрсетеді. Вега сияқты жұлдыздардың айналасындағы осындай құрылымдарды зерттеу арқылы ғалымдар жұлдыздар жүйесіндегі эволюция процесін тереңірек түсіне алады.