ӘлемБасты ақпаратГалактикаҒылыми мақалаларЖаңалықтар

Ғарышты зерттеушілер аспандағы спутниктер санының көбеюіне алаңдаушылық білдіреді


Фотосурет: tanym media

Ғарышты зерттеушілер аспандағы спутниктер санының көбеюіне үлкен алаңдаушылықпен қарап отыр. Оған себептерде аз болып отырған жоқ. Ғарыштағы спутниктер санының күрт өсуі экологиялық және ғылыми қауымдастық арасында үлкен алаңдаушылық туғызуда. Әсіресе төмен орбиталық интернет спутниктерінің жер атмосферасына және жалпы қоршаған ортаға әсері әлі де толық зерттелмеген мәселелердің қатарында қалып отыр. Осы себепті АҚШ үкіметі жаңа спутниктерді ұшыруды уақытша тоқтатып, олардың қоршаған ортаға әсерін жан-жақты зерттеуді қолға алуы тиіс деген пікірде көптеген ғалымдар.

Жақында АҚШ-тың 100-ден аса ғалымы Федералдық Байланыс Комиссиясының (FCC) ғарыш саласындағы басшысы Джули Кирниге хат жазып, дәл осы мәселеге назар аударуын сұрады. Олар төмен орбиталық спутниктерді жаппай ұшыру жобаларының экологиялық салдарын бағалау қажеттігін ерекше атап өтті. Федералдық Байланыс Комиссиясы SpaceX компаниясына 12 мыңға жуық Starlink спутнигін ұшыруға рұқсат беріп отыр. Қазіргі таңда бұл — ғарыштағы бүкіл құрылғылар санымен салыстырғанда екі есе көп. Алайда SpaceX негізін қалаушы Илон Маск бұл көрсеткішпен шектелмей, қосымша 20 мыңнан астам спутник ұшыруға ниет білдірді. Бұл жоспар ғарыш кеңістігін жаппай толтырып, жер атмосферасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін.


«Спутниктер санының көбеюі және олардың атмосферада жануы қоршаған ортаға қандай зиян тигізетінін нақты біле алмаймыз. Федералды үкімет бұл бағытта толыққанды экологиялық сараптама жүргізген жоқ. Дегенмен біздің болжамымыз бойынша, спутниктердің жануы зиянды газдар мен металдардың көбеюіне ықпал етеді», – делінген ғалымдардың жазған хатында.

Starlink спутниктерінің шамамен бес жыл өмір сүру мерзімі бар, содан кейін олар атмосферада жанып кетеді. Бірақ олардың жаппай жануы нәтижесінде бөлінетін қалдықтар атмосфераның химиялық құрамына әсер ететіні белгілі. Ғалымдар мұндай ұзақ мерзімді әсерлерді мұқият зерттемейінше, жаңа спутниктерді орбитаға шығару жобаларын уақытша тоқтату қажет деп санайды. Бұл бастама – ғарышты пайдаланудың жаңа салдарына ғалымдар мен қоғамдық ұйымдардың назарын аударуға бағытталған. Ғарыштық технологиялар дамыған сайын, олардың қоршаған ортаға әсері де маңызды факторға айналып отыр.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру