Швециядағы Каролинска институтының зерттеушілері қарашықтың өлшеміне әсер ететін іргелі механизмді анықтады – бұл біздің тыныс алуымыз. The Journal of Physiology журналында жарияланған зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қарашықтың өлшемі ең кішкентай деңгейге дем алу кезінде жетеді, ал ең үлкен деңгейге дем шығару кезінде кеңейеді. Бұл құбылыс біздің көру қабілетімізге әсер етуі мүмкін.
Камерадағы диафрагма сияқты, қарашық та көзге түсетін жарық мөлшерін реттейді. Сондықтан ол көру процесінде және қоршаған ортаны қабылдауымызда маңызды рөл атқарады.
Ғалымдарға бұрыннан белгілі болған қарашық өлшемінің өзгеруіне әсер ететін үш негізгі фактор бар:
• жарық мөлшері
• фокустың қашықтығы
• эмоциялар немесе зейін сияқты когнитивтік факторлар.
Ал қазір зерттеушілер төртінші факторды анықтады – тыныс алу. Қарашық дем алу кезінде кішірейіп, дем шығару кезінде кеңейеді.
«Бұл механизм ерекше, өйткені ол циклдік сипатқа ие, үнемі белсенді және сыртқы стимулдарды қажет етпейді. Тыныс алу ми қызметі мен когнитивтік процестерге әсер ететіндіктен, бұл жаңалық біздің көру және назар аудару механизмдерімізді жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді» – дейді зерттеу жетекшісі, Каролинска институтының клиникалық неврология кафедрасының доценті Артин Аршамян.
Ғылыми зерттеу қалай өтті?
Зерттеушілер тыныс алудың қарашық өлшеміне қалай әсер ететінін анықтау үшін 200-ден астам қатысушының қатысуымен бес түрлі эксперимент жүргізді. Нәтижелер көрсеткендей, бұл әсер:
• қатысушылар тез немесе баяу тыныс алса да
• мұрын немесе ауыз арқылы тыныс алса да
• жарықтандыру немесе фокус қашықтығы өзгерсе де
• олар демалып немесе визуалды тапсырмаларды орындап отырса да, өзгеріссіз сақталды.
Қарашықтың дем алу мен дем шығару кезіндегі айырмашылығы теориялық тұрғыдан көру қабілетіне әсер ететін деңгейде болды.
Ми діңі мен эволюциялық маңызы
Зерттеу сондай-ақ туғанынан иіс сезу луковицасы жоқ адамдарда да бұл функцияның қалыпты жұмыс істейтінін анықтады. Бұл механизмнің ми діңімен бақыланатынын көрсетеді, ал ми діңі – эволюция барысында сақталып қалған, адам өмірі үшін аса маңызды құрылым.
Қазіргі уақытта ғалымдар қарашық өлшемінің тыныс алу цикліне байланысты өзгеруі көру қабілетіне қалай әсер ететінін зерттеуде. Бұған дейінгі зерттеулер шағын қарашықтың детальдерді анық көруге, ал кеңейген қарашықтың әлсіз көрінетін нысандарды табуға көмектесетінін көрсеткен.
«Біздің нәтижелерімізге сүйенсек, тыныс алу циклі ішінде көру қабілетіміз ұсақ детальдерді ажырату мен әлсіз нысандарды анықтау арасында ауысып отыруы мүмкін», – дейді зерттеудің алғашқы авторы, Каролинска институтының докторанты Мартин Шефер.
Клиникалық маңызы
Зерттеушілер бұл жаңалықтың клиникалық медицинада да маңызы болуы мүмкін екенін атап өтті.
«Біз бұл механизмді Паркинсон ауруы сияқты неврологиялық бұзылуларды ерте диагностикалау немесе емдеудің жаңа әдістерін әзірлеу үшін қолдануға болады деп ойлаймыз»,– деп қортындыладя Артин Аршамян.