Қазіргі қоғамда көптілділік кең таралған құбылысқа айналды. Көп адам бірнеше тіл білуді интеллектуалды деңгейдің көрсеткіші деп санайды. Алайда, көптілді болу – жай ғана тіл санын көбейтіп, мақтану құралына айналдыру емес, алдымен, қажеттілік пен қызығушылыққа негізделуі тиіс.
Егер тіл күнделікті өмірде қолданылмаса және оны меңгеруге нақты себеп болмаса, ол адамға тек салмақ салады. Бірнеше тілді жартылай біліп, ешбірін толық меңгермеу түптеп келгенде, білім емес, бос әурешілік.
Қоғамда «Қанша тіл білсең, сонша адамсың» деген қағида кең таралған. Бірақ бұл сөздің мәнін тереңірек қарастыру керек. Қанша тіл білетінің емес, сол тілдерді қаншалықты жақсы игеріп,дұрыс сөйлеп, ойлана алатының маңызды.
Тілді үйрену – тек сөздерді жаттап алу емес, сол тілді тасымалдаушы халықтың мәдениетін, дүниетанымын түсіну, әрбір тілде еркін ойлап, оны өз өміріңде қолданысқа енгізу арқылы шынайы нәтижеге жету.
Шынайы қызығушылық болмаса, ол тілді меңгеру мүмкін емес. Мысалы, қазақ тілін өзге ұлт өкілдері үйренгенде, олар тек сөздерді ғана емес, қазақы ойлау жүйесін де игеруге тырысады. Осы сияқты, өзге тілдерді үйренгенде де, сол мәдениетке, әдебиетке, өмір салтына деген қызығушылық болуы шарт.
Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, егер адам тілдік дағдыларын белсенді қолданбаса, уақыт өте келе ол ұмытылады. Гарвард университетінің нейролингвистикалық зерттеулеріне сәйкес, тілді меңгергеннен кейін оны тұрақты түрде тәжірибеде қолданбаса, ми оны қажетсіз ақпарат ретінде қабылдап, жадтан ығыстырады. Сол себепті, кез келген тіл пайдалы болу үшін оны күнделікті өмірде қолдану қажет.
Кейбір ата-аналар балаларының ерте жастан бірнеше тілді қатар меңгеруін қалайды. Бірақ бұл әрдайым оң нәтиже бермейді. Лингвистикалық зерттеулерге сүйенсек, адам ең алдымен өз ана тілін жетік меңгергенде ғана, басқа тілдерді терең игеруге қабілетті болады. Ана тіліңде еркін сөйлеп, жазып, ойыңды анық жеткізе алмай тұрып, басқа тілдерді үйренуге асығу – өз тамырыңнан ажыраумен тең. Алдымен, өз ана тіліңде дұрыс ойлап, сауатты жаза білу маңызды. Егер қазақ тілін толық меңгермеген адам өзге тілге көшсе, ол тек тілді ғана емес, өзінің ұлттық негізін де әлсіретеді.
Мысалы, ХХ ғасырдағы қазақ зиялыларының барлығы бірнеше тілді білгенімен, алдымен ана тілін жетік меңгерген. Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов – барлығы қазақ тілінде еркін ойлап, жаза білгендіктен, өзге тілдерді де терең игерді. Ал ана тілінде ойын толық жеткізе алмайтын адам үшін өзге тілді толыққанды меңгеру қиынға соғады.
Көптілділік – заман талабы, бірақ оны меңгеру мақсатқа сай болуы керек.
Өйткені жаңа тіл үйрену тек білім көкжиегін кеңейту ғана емес, сонымен қатар өз мәдениетіңді, дүниетанымыңды жаңарту болып табылады. Кез келген тілді үйренбес бұрын, оны қай жерде, қалай қолданатыныңды нақты анықтап алған жөн. Сонда ғана жаңа тіл үйренудің бос мақтанышқа емес, шынайы мүмкіндікке айналары анық.
Жибек АЛИКУЛОВА,
Абылай хан атындағы
Қазақ халықаралық қатынастар
және әлем тілдері университеті,
журналистика мамандығының
1-курс студенті