Астрономдар бұрын қарапайым және планетасыз деп саналған MP Mus жұлдызының айналасындағы газ бен шаңнан тұратын протопланеталық дисктен жасырын алып планетаны анықтады. Бұл экзопланета Юпитерден 3–10 есе үлкен болуы мүмкін.
Кембридж университетінің зерттеушілері жетекшілік еткен халықаралық команда ALMA радиотелескопының ұзын толқынды бақылауларын және Еуропалық ғарыш агенттігінің Gaia миссиясынан алынған жұлдыз қозғалысының дәл деректерін біріктіре отырып, планетаның бар екенін жанама түрде дәлелдеді. Алғашқы бақылаулар MP Mus жұлдызының протопланеталық дискі тегіс және бос екенін көрсетті. Алайда кейінгі тереңірек зерттеу бұл дискінің ішінде ішкі қуыс пен екі саңылау бар екенін анықтады — бұл жас планетаның дискті «тіліп» өтетіндігін білдіреді.
Сонымен қатар Gaia аппараты жұлдыздың өте әлсіз тербелісін тіркеді. Бұл тербеліс — массасы жоғары дененің, яғни планетаның, тартылыс әсерінің белгісі болуы мүмкін. Компьютерлік модельдеу арқылы бұл қозғалыс жұлдыздың айналасындағы алып газды планетамен түсіндірілді.
Бұл — жас протопланеталық дискідегі планетаның Gaia және ALMA мәліметтері негізінде алғаш рет жанама түрде анықталуы. Ғалымдар бұл әдіс арқылы басқа да жас жұлдыз жүйелерінде жасырын планеталарды анықтауға болатынын айтады.
Мамандардың айтуынша, болашақта ALMA телескопының жаңартылған нұсқасы мен жаңа буындағы Very Large Array сияқты телескоптар жас жұлдыздардың айналасындағы протопланеталық дискілерді тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл біздің Күн жүйесінің қалай пайда болғанын түсінуге көмектеседі.