Балалардың күнделікті тұтынатын тағамдары мен сусындарында жиі кездесетін кейбір тәттілендіргіштер олардың жыныстық жетілу процесін жылдамдатуы мүмкін. Бұл тұжырым ENDO 2025 эндокринология қоғамының Сан-Францискода өткен жыл сайынғы жиынында ұсынылған жаңа ғылыми зерттеу нәтижелерінен белгілі болды.
Тайвань астанасындағы Тайбэй медицина университеті мен Ван Фанг қалалық ауруханасының ғалымы, доктор Ян-Чинг Чен жетекшілік еткен зерттеу тобы аспартам, сукралоза, глицирризин және қосылған қанттар секілді заттарды тұтыну мен ерте жыныстық жетілу арасындағы байланысты зерттеді. Бұл заттарды жиі пайдаланатын жасөспірімдердің арасында жыныстық жетілудің қалыпты уақытынан бұрын басталу қаупі анағұрлым жоғары екені анықталды. Әсіресе, белгілі бір генетикалық бейімділігі бар балаларда қауіп күшейе түседі. Зерттеуде орталық жедел жыныстық жетілу (central precocious puberty) деп аталатын құбылысқа ерекше назар аударылды. Бұл — балалардың ағзасында гормондық белсенділік ерте басталып, оларды жыныстық жағынан жылдам дамуға итермелейді. Мұндай жағдай баланың бойының өсуіне, эмоционалдық тұрақтылығына және болашақтағы зат алмасу мен репродуктивтік денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін.
Қалай әсер етеді?
Алдыңғы зерттеулерде тәттілендіргіштердің ішек микрофлорасы мен гормоналды жүйеге тікелей әсер ете алатыны айтылған. Мысалы, Ace-K (ацесульфам калийі) деп аталатын жасанды тәттілендіргіш мидың «тәтті дәм» жолдарын белсенді етіп, стресс молекулалары мен жыныстық гормондардың бөлінуін арттырады. Ал лакрица құрамында кездесетін глицирризин ішек бактериясының тепе-теңдігін бұзып, жыныстық жетілуді іске қосатын гендердің белсенділігін төмендетеді.
Зерттеу деректері
Зерттеу Тайваньдағы жасөспірімдердің бойжетіп-жетілудегі ұзақ мерзімді динамикасын бақылауға арналған TPLS (Taiwan Puberty Longitudinal Study) аясында 2018 жылдан бастап жүргізілді. 1407 жасөспірімнің деректері қамтылды. Олардың 481-іне орталық жедел жыныстық жетілу диагнозы қойылды. Қатысушылардың тәттілендіргіштерді тұтыну деңгейі сауалнама және зәр үлгілері арқылы анықталды. Сонымен қатар жыныстық жетілудің генетикалық қауіпі 19 геннің полигендік тәуекел көрсеткіштері бойынша бағаланды. Нәтижесінде, сукралозаны тұтыну — ұл балаларда, ал глицирризин, сукралоза және қосылған қанттарды тұтыну — қыз балаларда ерте жыныстық жетілу қаупін арттыратыны белгілі болды. Доктор Ченнің айтуынша, бұл зерттеу тамақтану мәдениеті мен генетикалық бейімділік арасындағы байланысты нақты көрсеткен алғашқы ірі зерттеулердің бірі. Сонымен қатар тәттілендіргіштердің ұлдар мен қыздарға әртүрлі әсер ететінін көрсетті. Бұл болашақта балалар тамағына арналған жаңа диеталық ұсыныстарды, генетикалық скрининг негізінде жеке қауіптерді бағалауды және ерте жыныстық жетілудің алдын алу стратегияларын әзірлеуге жол ашуы мүмкін.
«Балалар не жейді және не ішеді — бұл жай ғана дәм емес, олардың даму жолына ықпал ететін маңызды фактор. Әсіресе, тәттілендіргіштердің гормоналды жүйеге әсері бұрын ойлағаннан әлдеқайда терең әрі маңызды болуы мүмкін», – дейді зерттеу авторы Чен.