ӘлемБасты ақпаратБілімҒалым мінберіҒылым қорыҒылыми мақалаларЖаңалықтарЖүзден жүйрік...ИнновацияМүмкіндікТехнология

Қараңғыда жарық шашып, ядролық қалдықтардан қуат алатын батарея

 

Ғалымдар ядролық қалдықтардан энергияны электрге айналдыратын инновациялық батарея жасап шығарды. Бұл технология атом энергетикасының қауіпті жанама өнімін арнайы қолдануға арналған әлеуетті қуат көзіне айналдыруға мүмкіндік береді, деп хабарлады Огайо мемлекеттік университетінің зерттеушілері.

Ядролық қалдықтарды қайта пайдалану мүмкін бе?

Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың деректеріне сәйкес, АҚШ-тағы электр энергиясының 18%-ы атом электр станцияларынан өндіріледі. Бұл энергия көзі көмірқышқыл газының шығарындыларын өндірмесе де, мыңдаған жылдар бойы белсенді күйде қалатын радиоактивті қалдықтарды түзеді. Осындай қалдықтарды қайта пайдалану жолдарын іздеген Огайо мемлекеттік университетінің зерттеушілері гамма-сәулеленуді электр энергиясына айналдыру әдісін ұсынды. Олар жоғары тығыздықты материалдарды – сцинтилляторлық кристалдарды қолданып, олардың сәулеленуді сіңірген кезде жарық шығару қабілетін пайдаланды. Бұл кристалдар күн батареяларымен бірге жұмыс істеп, электр энергиясын өндіреді. Әзірге бұл батареялар электр шәйнегін қосу үшін жеткілікті қуат өндіре алмайды. Дегенмен зерттеушілер технологияны жетілдіру арқылы қуатты ватт деңгейіне немесе одан жоғарыға көтеруге болады деп есептейді.

Қайда қолдануға болады?

Жаңа технология тұрмыстық қажеттіліктер үшін қолданылмайды, өйткені оның жұмысы қоршаған ортадағы радиацияның жоғары деңгейіне тәуелді. Сондықтан батареяларды радиоактивті қалдықтар орналасқан жерлерде ғана пайдалану мүмкін. Ғалымдардың айтуынша, бұл батареялар ғарыш кеңістігінде және терең су астындағы ядролық жүйелерде қолданыла алады. Себебі бұл аймақтардағы экстремалды радиация деңгейі дәстүрлі қуат көздерін пайдалану мүмкіндігін шектейді. Алайда технологияны кеңінен қолданбас бұрын бірқатар мәселелерді шешу қажет. Зерттеу авторларының бірі Цаоның айтуынша, жоғары радиация деңгейі сцинтилляторларды да, күн батареяларын да біртіндеп зақымдайды. «Жүйенің ұзақ мерзімді жұмысын қамтамасыз ету үшін радиацияға төзімді, берік материалдарды әзірлеу қажет», – дейді ол.
Егер бұл мәселе шешілсе, ядролық батареялар жоғары радиациялы, қиын қол жететін аймақтарда минималды қызмет көрсетуді қажет ететін сенімді энергия көзіне айналуы мүмкін.

«Ядролық батарея концепциясы өте перспективалы. Жетілдірудің әлі көп мүмкіндігі бар, бірақ болашақта бұл әдіс энергия өндірісі мен сенсорлық технологиялар саласында маңызды орын алатынына сенемін», – дейді зерттеу авторы Ибрагим Оксүз.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру