ӘлемБасты ақпаратБілімҒалым мінберіҒылыми мақалаларДенсаулықЖаңалықтарМүмкіндік

Шай ішу өлім қаупін төмендетеді

Шай қайнату процесінің ауыз судан қорғасын және басқа да улы ауыр металдарды кетіруге көмектесетінін көрсетті. Шайдың денсаулыққа тигізер  пайдасы бұрыннан белгілі болғанымен, бұған дейінгі зерттеулер негізінен шай жапырақтарынан бөлінетін химиялық қосылыстарға назар аударған еді. Енді жаңа зерттеу шай қайнату кезінде ауыр металдардың судағы зарядталған атомдары (иондары) шай жапырақтарымен химиялық байланыс түзетінін анықтады. Осылайша, ауыр металдар шай жапырақтарына жабысып, судан бөлініп шығады, деп хабарлады ACS Food and Science Technology ғылыми журналында.

Шай – табиғи сүзгі ме?

«Біз адамдарды шайды су тазартатын сүзгі ретінде пайдалануға шақырып отырған жоқпыз. Біздің мақсатымыз – шайдың ауыр металдарды сіңіру қабілетін өлшеу. Бұл құбылысты сандық тұрғыдан бағалай отырып, шай тұтынудың ауыр металдардың ағзаға түсуін пассивті түрде азайтуға ықпал ететінін көрсету», – деді зерттеу авторларының бірі, Солтүстік-Батыс университетінің материалтану профессоры Винайак Дравид.

Әлемде күн сайын 5 миллиардтан астам шыныаяқ шай тұтынылады, бұл оны судан кейінгі ең көп ішілетін сусынға айналдырады. Ғалымдар ұзақ жылдар бойы қара шай мен көк шайдың денсаулыққа әсерін зерттеп келеді. Шай ішу қатерлі ісік, инсульт және жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болу қаупін төмендетуі мүмкін. Бірақ оның нақты қандай механизм арқылы пайдалы екені әлі толық анықталмаған. Бұрын бұл әсер шай жапырақтарындағы химиялық қосылыстармен байланыстырылған еді. Ал жаңа зерттеу шай қайнату процесінің өзі де маңызды рөл атқаруы мүмкін деген болжам ұсынды. Ауыр металдардың, соның ішінде қорғасынның, жоғары деңгейі инсульт пен жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін арттыратыны белгілі.

Зерттеу қалай жүргізілді?

Ғалымдар Lipton және Infusion сияқты танымал брендтердің шайларын сатып алып, олардың құрамын зерттеді. Сынаққа қара шай, көк шай, түймедақ шайы, улун шайы, ақ пион шайы және ройбуш шайы кірді. (Түймедақ пен ройбуш дәстүрлі шай өсімдіктеріне жатпаса да, шай ретінде қолданылады.) Зерттеушілер шайды кәдімгі шайқұмарлар сияқты демдеп, оның ауыр металдардың иондарын бейтараптандыру қабілетін тексерді. Нәтижелер көрсеткендей, бір шыныаяқ шай судағы қорғасынның шамамен 15%-ын кетіре алады.

Қай шай тиімдірек?

Шайдың ауыр металдарды сіңіру қабілетіне бірнеше фактор әсер етті:

• Шай пакеті материалы: Целлюлоза шай пакеттері металдарды ең көп сіңірсе, мақта және нейлон пакеттері бұл тұрғыда айтарлықтай нәтиже көрсетпеді.
• Шай түрі: Қара шай, көк шай және ақ шай қорғасын иондарын түймедақ шайларына қарағанда жақсырақ сіңірді.
• Ұнтақталу деңгейі: Ұсақталған шай жапырақтары ауыр металдарды тиімдірек сіңірді.
• Қайнату уақыты: Ұзағырақ қайнатылған шай ауыр металдарды көбірек сіңіреді.

«Кейбір адамдар шайды бірнеше секунд қана демдейді, бұл кезде ауыр металдарды жою әсері өте әлсіз болады. Ал шайды ұзақ қайнату, тіпті бір түнге қалдыру судан металдарды айтарлықтай көп бөліп шығаруға мүмкіндік береді», – дейді материалтанушы ғалымы Бенджамин Шиндел.

Шай ауыр металдардан толық қорғай ала ма?

Зерттеушілер шайдың ауыр металдарды судан бөліп шығарудағы әлеуетін көрсеткенімен, бұл әдістің өзіндік шектеулері бар екенін де атап өтті. Біріншіден, дамыған елдердегі сапалы сумен жабдықтау жүйелері судың құрамында ауыр металдардың аса жоғары деңгейге жетуіне жол бермейді. Сондықтан шайдың бұл тұрғыдағы пайдасы кейбір аймақтарда шектеулі болуы мүмкін. Екіншіден, егер судың ластануы дағдарыс деңгейіне жетсе, шай ішумен мәселені толық шешу мүмкін емес. Дегенмен, шайды көбірек ішу – денсаулық үшін пайдалы әдет болуы мүмкін.

 «Егер адамдар күніне бір шыныаяқ шайды артық ішсе, бұл уақыт өте келе ауыр металдардың әсеріне байланысты аурулардың төмендеуіне ықпал етуі мүмкін. Бұл, сондай-ақ, шайды көп тұтынатын халықтарда жүрек-қан тамырлары аурулары мен инсульттің төмен деңгейі неліктен жиі кездесетінін түсіндіруге көмектесуі мүмкін», – дейді Шиндел.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру