Фотосурет: Purdue Brand Studio сайтынан алынған
11 миллион жыл бұрын Марсқа астероид соғылып, Қызыл планетаның бөліктері ғарышқа атылды. Солардың бірі — Лафайетт метеориті кейіннен Жерге құлап түсті. Бұл метеорит 1931 жылы Пердью университетінің жәшігінен табылып, оған Лафайетт метеориті деген атау берілді. Зерттеулер кезінде ғалымдар оның Марста сұйық сумен әрекеттескенін анықтады. Пердью университетінің ғалымдары қатысқан халықаралық ғылыми топ жуырда Лафайетт метеоритінің минералдарының жасын анықтап, сұйық сумен әрекеттесу кезеңін нақтылады, деп мәлімдеді Geochemical Perspective Letters журналы.
Пердью университетінің Жер, атмосфера және планетарлық ғылымдар кафедрасының доценті Марисса Тремблэ — осы жарияланымның жетекші авторы. Ол гелий, неон және аргон сияқты инертті газдарды зерттеу арқылы Жер мен басқа планеталардың беткі қабатын қалыптастыратын процестерді зерттейді. Оның айтуынша, кейбір марстық метеориттерде сұйық сумен әрекеттескен минералдар бар.
«Минералдардың уақытын анықтау арқылы Марстың маңында геологиялық сұйық су болғанын білуге болады. Біз Лафайетт метеоритіндегі минералдардың жасын анықтап, олардың 742 миллион жыл бұрын пайда болғанын таптық. Бұл уақытта Марста сұйық су көп болмаған сияқты. Судың көзі жақын маңдағы мәңгі тоңның еруінен пайда болған. Бұл еруді Марс бетінде әлі күнге дейін орын алатын вулкандық белсенділік тудырған деп ойлаймыз», – деді ғалым.
Райан Икерт – Пердью университетінің аға ғылыми қызметкері уақытты зерттеу үшін ауыр радиоактивті және тұрақты изотоптарды қолданады. Икерт бұрын сұйық сумен әрекеттесу уақытын бағалауға қолданылған изотоптық деректердің басқа процестердің әсерінен болғанын көрсетті.
Жәшіктен табылған
Зерттеулердің арқасында Лафайет метеоритінің шығу тарихы туралы көптеген мәліметтер белгілі болды. Ол шамамен 11 миллион жыл бұрын Марстың бетіне соққыдан көтеріліп ғарышқа ұшып шыққан.
«Біз мұны білеміз, өйткені Марстан ұшып шыққаннан кейін, метеорит ғарышта космостық сәулелердің әсеріне ұшырады, бұл Лафайетте белгілі бір изотоптардың пайда болуына алып келді. Көптеген метеороидтар Марс пен басқа планеталық денелерге соққыдан түзіліп, соның ішінде кейбіреулері ғана Жерге жетеді», – дейді Тремблэ.
Бірақ Лафайет Жерге жеткен кезде, оның тарихы бұлыңғыр болды. Белгілі болғаны, метеорит 1931 жылы Пердью университетінің жәшігінен табылған, бірақ оның қалай сол жерге түскені әлі де жұмбақ. Тремблэ және басқа зерттеушілер жақында жарияланған еңбекте оның Жерге түскенен кейінгі хронологиясын зерттеу барысында оң шешімін тапты.
«Біз Лафайеттен табылған органикалық ластаушыларды, атап айтқанда белгілі бір жылдары кең таралған ауылшаруашылық дақылдарының ауруларын зерттеп, метеориттің қашан құлағанын және оның құлауына куә болған адамдардың болуы мүмкін бе екенін анықтадық», – деп мәлімдеді ғалым.
Метеориттер: ғаламның уақыт капсулалары
Метеориттер – ғаламдағы планеталар мен аспан денелерінен келген қатты уақыт капсулалары. Олар өзімен бірге геохронологтар ашатын мәліметтерді алып келеді. Жердегі тастардан олардың қабығы арқылы ерекшеленеді. Бұл қабық атмосферадан өтетін кезде пайда болып, түнгі аспанда көрінетін отты із қалдырады.
Тремблэнің айтуынша, «Біз метеориттерді олардың ішіндегі минералдарды және метеориттің ішіндегі минералдардың өзара байланысын зерттеу арқылы анықтай аламыз. Метеориттер Жер тастарынан тығыз, құрамында металл бар және магнитті болып келеді. Сондай-ақ Жер атмосферасына кірген кезде пайда болатын қабық синтезін де іздей аламыз. Соңында метеориттердің химиялық құрамын, атап айтқанда, олардың оттегінің изотоптық құрамын пайдаланып, олардың қай планеталық денеден немесе метеорит түрінен келгенін анықтай аламыз» дейді.
Халықаралық ынтымақтастық
Бұл зерттеу жұмысына халықаралық ғалымдар тобы қатысты. Команда құрамында Шотландия Университеттерінің Экологиялық зерттеулер орталығының (SUERC) мамандары Даррен Ф. Марк, Дэн Н. Барфорд, Бенджамин Э. Коэн, Мартин Р. Ли, Тим Томкинсон және Лондондағы Табиғи тарих музейінің ғылыми тобының мүшелері болды. Сондай-ақ бұл топқа Сент-Эндрюс университетінің Жер және қоршаған орта ғылымдары факультеті, Глазго университетінің География және Жер ғылымдары мектебі және Бристоль университетінің Жер ғылымдары мектебінің зерттеушілері кірді. Лафайетттегі және жалпы алғанда, Марстан түскен метеориттердегі минералдардың уақытын анықтау планетарлық ғылымдағы ұзақ мерзімді мақсаттардың бірі болды. Өйткені ғалымдар бұл өзгерістердің сұйық судың қатысуымен болғанын біледі. Алайда бұл материалдарды нақты уақытын белгілеу өте қиын. «Біз метеориттердегі минералдардың өзгеруін сенімді түрде анықтаудың жолын көрсеттік. Бұл әдіс басқа метеориттер мен планетарлық денелердегі сұйық судың болуы мүмкін кезеңдерін анықтауға қолданылуы мүмкін», – деп түсіндіреді Тремблэ.
Назым МАЛИККЫЗЫ