Фотосурет: iStock-тен алынған
Бала анасының құрсағында жатқан кезде анасы аз мөлшерде қант тұтынғанда және алғашқы екі жыл ішінде бала аз қант тұтынса, ересек жасқа келгенде пайда болатын созылмалы аурулардың даму қаупін айтарлықтай төмендетуі мүмкін. Бұл жаңа зерттеуде қантты ерте жастан бастап тұтынудың өмір бойына денсаулыққа тигізетін әсері дәлелденген.
Science журналында жарияланған зерттеу нәтижесінде алғашқы 1000 күнде қантты шектеген балаларда 2 типті диабет ауруының қаупі 35%-ға және гипертония ауруының қаупі 20%-ға төмендегені анықталды. Тек ананың қантты тұтынуын шектеу осы қауіптерді төмендетуге жеткілікті болғанымен, қантты тұтынуды өмірге келгеннен кейін де шектеу артықшылықтарын одан әрі арттырған.
Калифорния университетінің (Беркли) және Экономикалық зерттеулер ұлттық бюросының авторы Пол Гертлер былай деп толықтырды: «Қанттың бүлдіршіндерге беретін әсерін жаңа «темекі» ретінде қарастыруымыз керек. Балаларға арналған тамақ өнімдерін өндіруші компанияларды жауапкершілікке тартып, бала тағамдарын пайдалырақ нұсқалармен өңдеуді және балаларға арналған тәтті өнімдердің маркетингі мен салық салуын реттеуіміз қажет».
Зерттеушілер бұл нәтижеге Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ұлыбританияда қантты нормалау ұзақ мерзімді денсаулыққа қалай әсер еткенін қарастырған «табиғи эксперименттің» көмегімен қол жеткізді. Соғыс кезінде Ұлыбританияда 1942 жылы қантқа қатысты нормалау шаралары енгізілді. Нормалау 1953 жылдың қыркүйегінде аяқталды.
Зерттеушілер соғыс уақытының қантты шектеу саясатының нәтижесін зерттеу үшін Ұлыбританияның Биобанкіндегі қазіргі заманғы деректерді пайдаланды.
Сол кездегі норма бойынша күніне шамамен 8 шай қасық (40 грамм) қант тұтынылатын. Нормалау аяқталғаннан кейін бұл мөлшер екі есе артты. Айта кетерлігі, нормалау рационы жалпы аштықты қамтыған жоқ. Диета АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бүгінгі ұсыныстарына сай келеді.
Зерттеушілер нақты нормалау аяқталған уақыт аралығында дүниеге келгендерді анықтап, Биобанк деректері арқылы орта жастағы денсаулық нәтижелерін салыстырды. Қантты шектеудің алғашқы 1000 күнінде диабет пен гипертония қаупін төмендетіп қана қоймай, аурулардың даму уақытын да 4 және 2 жылға кешіктірді. Ғалымдар АҚШ-тағы адамдардың диабетке жылына орта есеппен 12 000 доллар жұмсайтынын және ерте диагноз өмір сүру ұзақтығын қысқартатынын атап өтті. Бұл зерттеу балалардың ерте жасында қантты шектеудің өмір бойы денсаулыққа оң әсерін тигізетін алғашқы себеп-салдарлы дәлелдерін береді.
Бұл зерттеу — қантты бүлдіршіндерімізге шектеудің ересек жастағы экономикалық және медициналық нәтижелерге, оның ішінде білім, созылмалы қабыну, когнитивті функциялар және деменцияға қалай әсер ететінін зерттейтін үлкен зерттеулердің алғашқысы болып отыр.
Назым МАЛИККЫЗЫ