Белгілі меценат, кәсіпкер Дулат Тастекей өз компаниясындағы қызметкерлерге елде жоқ талап қояды.
Мәселен ол өз компаниясына қазақ тілін білмейтіндерді жұмысқа қабылдамайды. Ал жұма күндері әр қызметкер “Қазақша сөйле” деген футболканы киіп жүруге міндеттеледі. Тіпті ол осы үшін арнайы жазуы бар футболкаларды да шығарып қойған.
Кәсіпкердің айтуынша, компаниядағы іс-қағаздары да тек қазақ тілінде жүргізіледі. Ол ана тілге деген құрмет алдымен адамның өзінен басталуы керек дейді.
“Бұл біздің компанияның қызметкерлері киетін “Қазақша сөйле” деген футболка. Бұл басқа бір ұлттың азаматтарын кемсіту емес. Бұл біздің қазақтарға арналған дүние. Осы футболканы киіп жүрсеңіздер біздің қазақтың ұл-қыздарын үлкен үлгі көрсетесіздер деген үміттемін”, — деді Дулат Тастекей “Астарлы ақиқат” бағдарламасында.