Жаңалықтар

Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары жаңа сүзгі материалын дайындады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары сұйықтықтың жоғары қысым жағдайындағы көбіктену әдісімен аса жоғары молекулалы ашық кеуекті полиэтилен алу технологиясын әзірледі.  Суды және техникалық немесе тағамдық сұйықтықтарды сүзуге арналған қолжетімді материал отандық өнімдердің сапасын арттыруға ықпал етеді.

Ғылыми жобаға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінің Дәрілік заттардың химиясы және органикалық синтез зертханасының меңгерушісі, PhD Ербол Ихсанов жетекшілік етеді. Ғалымның 100-ден астам ғылыми жарияланымдары мен бес авторлық куәлігі бар.
ҚазҰУ-дың ғалымдар тобы әзірлеген аса жоғары молекулалық массасы бар ашық кеуекті полиэтилен – бұл химиялық төзімді, биоүйлесімді және сүзу қабілеті жоғары, жаңа үлгідегі материал.
Материал әртүрлі салаларда кеңінен қолдануға арналған. Мәселен, жанармай құю станцияларында, автокөліктің тікелей жанармай жүйесінде де сұйық отынды сүзгіден өткізуге пайдалануға болады. Сондай-ақ төзімділігі жоғары бұл материал бронды қорғаныс элементтері ретінде және медицинада имплантация материалы ретінде қолдануға мүмкіндік береді.
«Жаңа үлгідегі материал арқылы күнбағыс майын сүзу бойынша жүргізген тәжірибелеріміз оң нәтиже көрсетті. Қазіргі уақытта жоба коммерциялық өнімге дейін жетілдірілуде», – дейді жоба авторы Ербол Ихсанов.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру